RU
Толық нұсқаға өту

Е. Сметов пен Ә. Әбужақынова Азия чемпионатына қатыспайды

18.04.2025, 09:40 646

Астанада хоккейден жасөспірімдер арасында халықаралық турнир аяқталды.

Биыл бесінші мәрте жалауын желбіреткен турнирге «Барыс», Ресейдің «Локомотив», «СКА академиясы», «Авангард», Беларусьтің «Динамо», Қытайдың Beijing командалары келді. «Барыс» өрендері үшінші орын үшін ойында «СКА академиясын 2:1 есебімен қапы қалдырды. Финалда Ресейдің «Локомотив» және «Авангард» клубтары шеберлік байқасып, омбылық хоккейшілер турнир чемпионы атанды.

Ресейде өткен халықаралық турнирде 7 боксшымыз келесі кезеңге өтті

Жеті боксшысыз келесі кезеңге өтті. Ресейде өтіп жатқан Константин Коротковты еске алуға арналған халықаралық турнирдің үшінші жарыс күнінде 9 боксшымыз шаршы алаңға шықты. Ел құрамасының атынан 67 келіде сынға түскен Мұхаммедсабыр Базарбайұлы беларусьтік Даниил Титконы айқын басымдықпен жеңсе, Сағындық Тоғамбай ресейлік Егор Плоцынді 5:0 есебімен қапы қалдырды. 60 келіде Бейбарыс Жексен моңғолиялық Гонболд Даринбауфқа 2:3 есебімен есе жіберді. Ал әйелдер құрамасынан Гүлнар Тұрапбай кубалық Стерлин Делиді, Айдана Забынбекова Анастасия Павлованы, Римма Волосенко моңғолиялық Намул Монкхорды, Аружан Жаңабаева ресейлік Наталья Соколованы, Ұлдана Таубай ресейлік Анна Гударованы жеңіп, келесі кезеңге жолдама алды.  Өкінішке қарай 54 келіде сынға түскен Әнел Сақыш Солтүстік Кореядан келген Чжон Хуанға 1:4 есебімен есе жіберді. Айта кетейік, халықаралық турнир биыл 16-шы рет ұйымдастырылып отыр. Байрақты бәсеке 20 сәуірге дейін жалғасады.

Е. Сметов пен Ә. Әбужақынова Азия чемпионатына қатыспайды

Елдос Сметов пен Әбиба Әбужақынова Азия чемпионатына қатыспайды. Бұл жөнінде дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасының жаттықтырушы-кеңесшісі мәлімдеді. Роберт Мшвидобадзе Kazinform тілшісіне берген сұхбатында «Елдос Олимпиададан кейін жоспарлы қалпына келу кезеңінен өтіп жатыр. Ол жаттығу жұмыстарына және оқу-жаттығу жиынына әлем чемпионатынан кейін қосылады», - деді. Сондай-ақ жаттықтырушы ұлттық құрама тізімінде Әбиба Әбужақынованың неге жоқ екенін түсіндірді. «Ал Әбиба Әбужақынова Әлем чемпионатына дайындыққа кірісті. Аталған байрақты бәсекеге биылғы маусымдағы ең маңызды жарыстың бірі ретінде бағаланады. Қазір Қазақстан құрамасының көшбасшыларын қоса алғанда, барлық жетекші спортшы осы турнирге жоспарлы түрде дайындалып жатқанын айта кеткеніміз жөн», - деді ол. Айта кетейік сары құрлық біріншілігі 25-28 сәуір күндері Тайланд астанасы Бангкокта өтеді. Ел намысын 17 татами шебері қорғайды. Қазір құрама Астанада оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Қазірге дейін Қазақстан ұлттық құрамасы құрлықтық додада барлығы 115 медаль еншіледі. Оның 14-і алтын, 24-і күміс, 77-і қола медаль.

Бірінші лига: «Ертіс» пен «Каспий» көш бастады

Ертіс пен Каспий көш бастады. Футболдан бірінші лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионаты 2-турының алғашқы ойын күні аяқталды. Биыл премьер-лигаға шығуды көздеп отырған павлодарлық «Ертіс» қатарынан екі ойында жеңіске жетіп, турнир кестесіндегі жағдайын жақсарта түсті. Бұл жолы олар сырт алаңда «Ақтөбе-2» клубын 1:0 есебімен жеңді. Тағы бір ойында ақтаулық «Каспий» Түркістан облысының «Жетісай» командасымен жасыл алаңға шықты. Аталған кездесуде де ойын тағдырын жалғыз гол шешті. «Ертіс» пен «Каспий» екі турдан кейін 6 ұпай жинап, турнир кестесінде алғашқы екі орынды өзара бөлісіп тұр. Сондай-ақ алматылық дербиде  «Қайрат-2» клубы «Хан тәңірін» 2:1 есебімен жеңіп, биылғы маусымдағы алғашқы жеңісін тойлады. Ал бүгін «Алтай» мен «Екібастұз», «Шахтер» мен «SD Family», «Оңтүстік академиясы» мен «Тараз», AKAS пен «Түркістан» командалары шеберлік байқасады.

Сыр бойында айтулы аламан өтеді  

Қазақ атбегілері Сыр бойына жиналды. Себебі ертең Қызылордада бәйгеден ел біріншілігінің екінші кезеңі өтеді. Дала дүбірінде 2 жасқа толған құнандар 7 шақырымға, ұшқыр аттар 5 шақырымға шабады. Сондай-ақ 12 шақырым қашықтыққа арналған топ, 18 шақырымға аламан бәйге өтеді. Жарыстың жалпы жүлде қоры 22 миллионды құрайды. Қызылордадағы айтулы жарыстан кейін араға бір ай салып Талдықорған, Көкшетау, Семей, Павлодар, Ақтөбе қалаларында ел чемпионатының іріктеу кезеңдері жалғасын табады. Іріктеудің алды болған жүйріктер ақтық сынға жолдама алады. Финалдық бәсеке 28 қыркүйек күні Таразда өтеді.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz