RU
Толық нұсқаға өту

Алматы облысында аударыспақтан IV Азия чемпионаты өтіп жатыр

21.04.2025, 23:30 765

Алматы облысында аударыспақтан IV Азия чемпионаты басталды, деп хабарлайды 24KZ. Байрақты бәсекеге Қазақстанмен қоса Ресей, Моңғолия, Мажарстан, Қытай, Өзбекстан және Қырғызстаннан келген 100-ден аса спортшы қатысып жатыр. Барлығы 7 команда бақ сынайды.

Тақымы мықты, білекті жігіттер Алатаудың баурайына жиналды. IV Азия чемпионатына қатысушылардың осалы жоқ. Барлығы да іріктеуден өткен. Талай сайыста топ жарған дүлдүлдер. Спортшылар 6 салмақ бойынша сынға түседі. 60 келіден бастап салмағы 100 келіден асатын алыптар да аударысады.  

Марат Жұман, «Ат үстіндегі күрес» дүниежүзілік федерациясының президенті:

- Біз 2023 жылы Халықаралық «Ат үстіндегі күрес» федерациясын құрдық. Осы күнге 9 мемлекет кіреді федерацияға. Бүгін 7 мемлекет қатысып жатыр Азия чемпионатына. Алдымыздағы 5-ші айда әлемдік чемпионат өткізейік деген ойымыз бар. Бүгінгі күні екі-үш жылдың ішінде Қазақстан бойынша екі мыңдай спортшымыз бар.

Аударыспаққа ат құлағында ойнайтын күш-қайраты мол, батыл, ат үстіндегі айқасты жақсы меңгерген жігіттер қатысады. Қазір бұл спорт түріне Ресей, Монғолия, Қытай мен Венгрия елдері де қызығушылық танытып отыр.

Нұркен Байбөриев, ҚР ұлттық ат спорт түрлерінен мемлекеттік жаттықтырушы:

- Бұл ат үстіндегі күрес. Аттың да бұл жерде жақсы міндеттері бар орындайтын. Шет мемлекеттер көбі ат әкелген жоқ. Бірақ өзімізде үйретілген аттарды беріп жатырмыз. Әрине, ол өзінің дайындалған атындай болмайды. Қырғыз мемлекеті өз атымен келді, әрине, жақсы өнер көрсетеді. Әрине, Қазақстан өз аттарымен күресіп жатыр.

Чемпионаттың алғашқы күнінде 60-тан 90 келіге дейінгі спортшылар сынға түсті. Бұл төрт салмақ дәрежесінде біздің жігіттер көш бастады.

Азамат Серғазин, IV Азия чемпионатының жеңімпазы:

- Қазақстан чемпионаты болған болатын аударыспақтан. Содан 62 келі салмақ дәрежесінде чемпион атанған болатынмын. Сол чемпион атанып, осы 4-ші Азия чемпионатына жолдама алған болатынмын. Дайындық өте жақсы болды. Намысты қолдан бермей, барымызды салып, чемпион атандық.

Ертең 100 келі және одан жоғары салмақтағы жігіттер додаға түседі. Жеңімпаздарға Аударыспақтан халықаралық спорт шебері атағы беріледі. Жарыстың жүлде қоры да қомақты. Жүлдегерлер ақшалай сыйлықтармен және медальдармен марапатталады.  

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Сұлтан Бейсекенов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz