Олимпиада жүлдегерлері мемлекеттік сыйақыны төлеу тәртібіне сәйкес және бекітілген нормалар бойынша алады.
Бұл жөнінде спортқа жауапты министрлік мәлімдеді. Айта кетейік, күні кеше отандық ақпарат құралдары Парижде жеңіс тұғырына көтерілген жерлестеріміз әлі күнге дейін сыйақы алмағандарын жариялады. Ал Олимпиада жүлдегері Назым Қызайбай арнайы сұхбат та берді. «Олимпиада ойындарындағы қола медаль үшін мемлекетіміздің берген сыйақысы, яғни 75 мың доллары әлі жіберілмеді. Ешқандай спортшыға да берілмеген шығар деп ойлаймын. Өйткені мен ешкімнің алғанын естімедім» - деді Назым. Артынша спортқа жауапты министрлік Олимпиада және Паралимпиада ойындарының жүлдегерлеріне сыйақы беру туралы Үкімет қаулысы қабылданғанын жеткізді. «Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында Үкімет қаулысы қолданыстағы заңнама аясында дайындалып, тиісті мемлекеттік органдармен келісілген. Сыйақы төлеу тәртібі мен көлемі бұған дейін бекітілген нормаларға сәйкес жүзеге асады» - делінген ресми хабарламада. Еске сала кетейік, бізде Олимпиада чемпионына 250 мың, күміс пен қола жүлдегеріне, сәйкесінше, 150 және 75 мың доллардан беріледі. Бапкерлері де назардан тыс қалмайды. Париждегі ойындар қорытындысы бойынша жалпы алғанда мемлекеттен осы мақсатта 1 миллиард 145 миллион теңге бөлінуі керек.
Амман қаласында жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты жалғасуда
Сегіз боксшымыз жартытай финалда. Иорадания астанасы Амман қаласында жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты жалғасып жатыр. Айта кету керек, бұл жаңадан құрылған World Boxing ұйымының 15 және 17 жастағы өрендерге арналған алғашқы құрлықтық жарысы. Байрақты бәсекеге 18 елден 400-ден аса қатысушы жиналды. Оның ішінде қазақстандық қыз-жігіттер де бар. Әсіресе 15 жасқа дейінгілер арасында бұған дейін Біржан Жақып, Қуаныш Халимбет және Шыңғыс Ахметов жартылай финалға шыққанын айтып едік. Енді бүгін Нұрбақыт Төрегелді, Жандос Қалқанов, Мейіржан Шәди және Нұрислам Ташмағанбет жеңіс жолын жалғады. Қыздар арасындағы бәсекеде 55 келдегі Мәдина Сапар Вьетнам өкілін жеңіп, жартылай финалға шықты. Ал Жолжігіт Жетпісбай мен Мирас Қуанышов қарсыластарына есе жіберіп, жарыс жолынан шығып қалды. Енді 17 жасқа дейінгі спортшыларымыз шаршы алаңға шығып, жартылай финал жолдамасын сарапқа салады. Амман қаласындағы жарыстың жалпы қорытындысы 30-сәуірде белгілі болады.
Б. Артаев: баламасы жоқ стадион салынып жатыр
Қызылордада баламасы жоқ стадион салынып жатыр. Яғни негізгі алаңда футбол матчтары өтсе, оның айналасындағы аумақтар олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға қолданылады. Бұл жөнінде облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бақтияр Артаев мәлімдеді. Олимпиада чемпионының айтуынша, терең сараптама жасалып, нәтижесінде аренаны барынша тиімді пайдалану тетіктері қарастырылды. Айта кетейік, Сыр өңірінде былтыр 11 мың адам сыятын «Қайсар Аренаның» құрылысы басталған еді. Сол кезде жобаның құны 17-18 миллиард теңге деп бағаланды.
Тегтер #сыйақы #Азия чемпионаты #спорт #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz