Олимпиада жүлдегерлерінің мемлекетке ренжуі орынсыз.
Біздің елде чемпиондарды қолдауға қомақты қаржы бөлінеді және оның барлығы халықтың салығы мен зейнетақы қорынан алынатынын ескеру керек. Лондон олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров осындай мәлімдеме жасады. Ол Sportburo.kz сайтына берген сұхбатында Париж Олимпиададан кейін сыйақыға қатысты шағым айтқан спортшыларды сынға алды. Еске сала кетейік, бірер күн бұрын отандық ақпарат құралдары былтыр жазғы ойындардың жеңіс тұғырына көтерілген жерлестеріміз әлі күнге дейін сыйақы алмағандарын жариялады. Әсіресе Назым Қызайбай пікірі кеңінен таралды. «Олимпиада ойындарындағы қола медаль үшін мемлекетіміздің берген сыйақысы, яғни 75 мың доллары әлі жіберілмеді. Ешқандай спортшыға да берілмеген шығар деп ойлаймын. Өйткені мен ешкімнің алғанын естімедім», – деді Назым. Осы тұрғыда Ақжүрек Таңатаров елімізде Олимпиада жүлдегерлері ешқашан ескерусіз қалмағынын алға тартты.
«Бізде тіпті жүлде алмаған спортшылардың өзіне ынталандыру сыйақысы қарастырылған. Сондықтан менің ойымша, мемлекетке ренжу орынсыз», – деп сөзін түйді Ақжүрек Таңатаров. Бұған қоса, спортқа жауапты министрлік Олимпиада және Паралимпиада ойындарының жүлдегерлеріне сыйақы беру туралы Үкімет қаулысы қабылданғанын жеткізді. «Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында Үкімет қаулысы қолданыстағы заңнама аясында дайындалып, тиісті мемлекеттік органдармен келісілген. Сыйақы төлеу тәртібі мен көлемі бұған дейін бекітілген нормаларға сәйкес жүзеге асады», –делінген ресми хабарламада. Еске сала кетейік, бізде Олимпиада чемпионына 250 мың, күміс пен қола жүлдегеріне, сәйкесінше 150 және 75 мың доллардан беріледі. Бапкерлері де назардан тыс қалмайды. Париждегі ойындар қорытындысы бойынша жалпы алғанда мемлекеттен осы мақсатта 1 миллиард 145 миллион теңге бөлінуі керек.
Тегтер #Назым Қызайбай #Париж Олимпиадасы #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz