Бублик төртінші айналымға шықты. Мадрид қаласында теннистен WTA 1000 санатындағы турнир өтіп жатыр.
Оның аясында Қазақстандық Александр Бублик ресейлік Андрей Рублевті жеңіп, келесі кезеңге өтті. Енді ол чехиялық Якуб Меншикпен кездесіп, ширек финал жолдамасына таласады.
Милад өз рекордын өзі жаңартты. Қазақстандық спорттық гимнастика шебері кезекті рет Әлем Кубогында топ жарды. Дүниежүзілік дода Мысыр астанасы Каир қаласында өтіп жатыр. Жерлесіміз бұл жолы кермедегі жаттығуларда сәтті өнер көрсетіп, ең үздік нәтиже тіркеді. Финалда төрешілер 14,466 берді. Екінші орын кипрлық Мариос Георгиуға, ал үшінші орын швейцариялық Ноэ Сейфертке бұйырды. Айта кетейік, қазақстандық спортшы Каирдегі Әлем Кубогында екінші рет жеңімпаз атанып отыр. Бұған дейін еркін жаттығу бойынша да жеңіске жеткен еді. Жалпы алғанда биылдың өзінде ол Әлем Кубоктарында 6 мәрте алтын жүлдеге қол созды. Ал тұтас кәсіпқой мансабын алар болсақ, 9 мәрте жеңімпаз болды және Әлем Кубоктарының алтын жүлде саны жағынан рекорд орнатты. Спорт мамандары Миладттан алдағы уқаытта да үлкен үміт күтеді. Әсіресе Лос-Анджелесте өтетін олимпиадада жеңіс тұғырна көтеріледі деген сенім бар.
С. Бибосынов: жаңа салмаққа ауысып жатырмын
Сәкен Бибосынов 55 келіге ауысып жатыр және алдағы жарыстарда осы салмақта өнер көрсетеді. Бұл жөнінде ұлттық құрама мүшесі «бірінші бол» сайтына берген сұхбатында мәлімдеді. «Word Boxing ұйымы Олимпиададағы жаңа салмақтарды бекітті. Ол жерде ең жеңілі – 55 келі. Сондықтан 55 келіге бейімделіп жатырмын. Физикалық тұрғыда біраз күш жинауым қажет. Қазірдіңм өзінде салмағым 54-55 келі» - деді Сәкен. Айта кетейік, бізде бұл салмақта бәсекелестік өте жоғары. Ең алдымен ойға Махмұд Сабырхан келеді. Еліміз бойынша бірінші нөмірдегі боксшы. Одан кейін жастар арасынан Нұрсұлтан Алтынбек пен Бексұлтан Боранбек шығып келе жатыр. Басқа да талантты жігіттер бар. Осы тұрғыда Сәкен бәсекелестік бар жерде нәтиженің де боларына сенім білдірді. Бәсекелестік болған жерде өсу тез болады. Сондай-ақ нәтиже де болады. «Осы жаңа салмақ 55 келіде жігіттермен бірлесіп, байрақты бәсекелерде елдің намысын абыроймен қорғасақ деген ниет бар» - деп сөзін түйіндеді Сәкен Бибосынов .
«Ұлы дала жорығы» бәйгесіне дайындық
Негізгі тартыс қазақ және қырғыз аттары арасында болады. Бірер күннен кейін «Ұлы дала жорығы» жобасы жалғасын табады. 500 шақырымға созылатын бәйгені Алматы облысы қабылдайды. Қазірдің өзінде 20-дан аса команданың қатысатыны белгілі. Оның ішінде алыс-шақын шетелерден, атап-айтқанда Мажарстан, Қырғызстан, Түркия, Иран, Ресей және Оңтүстік Африкадан келетін құрамалар бар. Бұған қоса, еліміздің түкпір-түкпірінен командалар жиналады. Ат спортының мамандары негізгі тартыс Қырғызстан мен Қазақстан арасында болады деп болжап отыр. Өйткені, қырғыз тарапы жуырда өзіндік іріктеу өткізіп, ең төзімді жылқыларын анықтады. Биылғы байрақты бәсекеге екі бірдей құрамасын қоспақшы. Бұған қоса, Алматы облысының климаты қырғыз аттары үшін өте қолайды. «Ал біздің елден қатысатын командалардың тәжірибесі үлкен және өз жерінде өтіп жатқан жарыста намысты қолдан бермесі анық», - дейді мамандар.
«Ұлы дала жорығы» бәйгесіне дайындық
Жетісу, Жамбыл және Маңғыстау облыстары - басты фаворит. «Ұлы дала жорығы» басталмай жатып, ат спортының мамандары өзіндік болжамдарын айтуда. Әрине, жарысқа қатысатын 20-дан аса команданың әрқайсысы бас жүлдеден дәмелі және әрқайсысының топ жаратын мүмкіндігі бар. «Десе де негізгі тартыс жоғарыда сөз болған үш команда арасында өтеді», - дейді мамандар. Өйткені Жетісу, Жамбыл және Маңғыстау аттары бұған дейінгі бәйге-марафондарда топ жарып, жоғары нәтиже көрсетіп келді. Биыл да өте жақсы дайындық жүргізіп жатыр. Айта кетейік, «Ұлы дала жорығы» жарысы 9-14 мамыр күндері Алматы облысында өтеді. Оның қатысушылары аталған аралықта 500 шақырым қашықтықты бағындыруы қажет. Яғни күнделікті 100 шақырымнан жүріп өтеді. Былтыр Қабардин-Балқар командасы халықаралық жарыстың жеңімпазы атанған еді. Биыл да халықаралық форматта ұйымдастырылады және бұл жолы отандық жылқы тұқымдары бәйгенің басы болады деген болжам бар.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Мадрид #спорт #чемпионатPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz