RU
Толық нұсқаға өту

Елордада «Бірлік жүгірісі» республикалық жарысы өтті

01.05.2025, 15:50 771

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай бүгін елордада «Бірлік жүгірісі» республикалық жарысы өтті. Осыған байланысты таңғы сағат 7 мен 10-ның аралығында Түркістан және Ақмешіт көшелері уақытша жабылды. ЭКСПО маңында ұйымдастырылған іс-шараға балалардан бастап егде жастағы азаматтарға дейін қатысты. Жарыстың мақсаты – Қазақстанның барлық этносын, ұйымшылдыққа және салауатты өмір салтын ұстануға шақыру.

«Бірлігімізге 30 жыл – Ассамблеяға 30 жыл». Бірлік жүгірісіне қатысушылар осы ұранды ту етіп, ЭКСПО халықаралық көрме орталығының аумағына таңсәріден жиналды. Елдің барлық аймағында бір уақытта өткен жарысқа 20 мың адам қатысты. Балалар 1 шақырымға, ересектер 5 шақырымға жүгірді. Қатысушылар арасында жас санатына байланысты 10 және 21 шақырымдық марафон өтті. Ал командалық эстафетаның қашықтығы 30 шақырымды құрады. Таңмен таласа тұрған әуесқой спортшылар қатарында жасы жетпістен асқан ақсақал Нұрыш Шахметов те бар. Бүгінгі спорттық мерекеге ол ұлы мен немересін ерте келіпті.

Нұрыш Шахметов, жарысқа қатысушы:

- Өткен жылы 70-ке толған шағымда бірінші рет марафонға қатыстым. 10 шақырым скандинавиялық жүгіруден. Бүгін міне 5 км скандинавиялық жүгіруге қатысамын.

«Бірлік жүгірісі» жарысының өтуіне Астана қаласының әкімдігі, Триатлон федерациясы, Туризм және спорт, Мәдениет және ақпарат министрліктері, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйытқы болды.

Марат Әзілханов, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары:

- Бір мезетте болатын шаруа бүкіл ел бойынша біздің бірлігіміз бен ынтымағымызды белгілейді. Әлбетте, салауатты өмір, спорт және дене шынықтыруды өмірлік серік қылу.

Геннадий Шиповских, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Еліміздің бірлігінің, тұрақтылығының, мықтылығының, сонымен қатар қоғамдық келісім бойынша мықты ұстаным бар екенінің үлкен бір өзіндік көрінісі.

Мәреге жеткен жүйріктердің әрқайсысы естелік медаль алды. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Жарыс соңында қатысушылар «Таза Қазақстан» экологиялық науқанына қатысып, айналаны қоқыстан тазартты.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Арман Ақшабаев, Дмитрий Димитриев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz