Жәнібек Әлімханұлы әлемнің үздік 20 боксшысының қатарына кірді. Boxingscene.com тілшісі Стивен Эдвардс салмақ дәрежесіне қарамастан әлемнің ең мықты боксшыларының тізімін жасады. Ол рейтингінің көшбасшысы ретінде америкалық былғары қолғап шебері Теренс Кроуфордты таңдаған.
Сонымен қатар үздік бестікке украиналық Александр Усик, жапониялық Наоя Иноуэ мен ресейлік боксшылар Дмитрий Бивол және Артур Бетербиев кірді. Әлемдік бокстың бет-бейнесі саналатын мексикалық Сауль Альварес болса рейтингіде 8-ші орында тұр.
«Қайрат» – Чемпиондар лигасының күміс жүлдегері
Қайрат УЕФА Чемпиондар лигасының күміс жүлдегері атанды. Кеше алматылық клуб Испанияның «Пальма» командасымен сынға түсті. Алғашқы минуттан қос команда бірден шабуылға көшті. Ойынның 6-шы минутында испаниялық клубтан Хесус Гордильо мергендік танытса, оған 8-ші минутта «Қайрат» сапынан Кайо Руис бір голмен жауап қайырды. Ал 18-ші минутта «Пальма» сапынан Лукас Машадо тағы бір гол соқса, 19-шы минутта Марио Равильос есепті үстемелей түсті. Екінші кезеңде испаниялықтар 6 гол соқты. Оған қайраттықтар 3 голмен ғана жауап қайтара алды. Нәтижесінде алматылық клуб қарсыласына 4:9 есебімен жеңіліп қалды. Осылайша «Пальма» аталған турнирде қатарынан үшінші мәрте чемпиондық тұғырға көтерілді. Олар бұдан бұрын 2022/23, 2023/24 жылдары жеңімпаз болған. Ал «Қайрат» 2012/13, 2014/15 жылғы маусымда Чемпиондар лигасында бас жүлдеге ие болды.
Айта кетейік, 3-ші орын үшін ойында Португалияның «Спортинг» клубын 3:2 есебімен жеңген Испанияның «Картахена» командасы қола медаль еншіледі.
ҚПЛ: «Қайрат» көш басында
Футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионатының жетінші туры аяқталды. Турнир кестесінде көш басында келе жатқан алматылық «Қайрат» сырт алаңда Жезқазғанның «Ұлытау» клубымен кездесті. Биыл бас жүлдеге қол созуды қалайтын Алматылық ұжым ұпайдан шашау шығарғысы келген жоқ. Алғашқы минуттан негізгі құрам футболшыларына сенім артты. Ойынның 30-шы минутында 16 жастағы жас футболшы Дастан Сәтпаев биылғы біріншіліктегі бесінші голды еншісіне жазды. Артынша Александр Мартынович пен Георги Зариа бір-бір голдан соғып, есепті еселей түсті. Дастан Сәтпаев 68-ші минутта тағы бір мәрте мергендік танытты. Оның соққаны голы алтауға жетіп, «Астананың» жартылай қорғаушысы Марин Томасовпен теңесті. Оған «Ұлытау» сапынан Максим Чалкин 79-шы минутта бір голмен жауап қайырды. Осылайша «Қайрат» қарсыласынан 4:1 есебімен басым түсіп, турнир кестесінде 17 ұпаймен жеке-дара көш бастады. Сондай-ақ 7 турда Ақтөбе Жеңісті, Ордабасы Атырауды, Оқжетпес Елімайды, Тобыл Қызылжарды тізе бүктірді. Ал Қайсар Астана, Тұран Жетісу командалары тең тарқасты.
Хоккей: Қазақстан құрамасы Беларусьтен жеңілді
Шайбалы хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасы Qazaqstan Hockey Open турнирінде Беларусьпен кездесті. Ойын барысында беларусьтік Александр Скоренов 14-ші минутта есеп ашты. Оның командаласы Вадим Мороз 59-шы минутта қорытынды есепті белгіледі. Осылайша ел құрамасы қарсыласына 0:2 есебімен есе жіберді. Қазақстандық хоккейшілер бұдан бұрын Ресей 25 құрамасынан 1:4 есебімен жеңілсе, Беларусь олардан 4:2 есебімен басым түсті. Қатысушылар топтық жүйе бойынша сайысқа түсті. Нәтижесінде 6 ұпай жинаған Беларусь турнирдің жеңімпазы болса, Ресей 25 екінші, Қазақстан үшінші орын алды.
Айта кетейік, бұл кездесу Қазақстан құрамасының 2025 жылғы әлем чемпионатына дайындығы аясында өткізілді. Отандастарымыз әлем чемпионатында В тобында Финляндия, Чехия, АҚШ, Германия, Дания, Норвегия және Венгриямен шеберлік байқасады. Ойындар Данияның Хернинг қаласында болады. Ал Швецияның Стокгольм қаласында А тобында Канада, Швеция, Швейцария, Словакия, Латвия, Австрия, Франция және Словения шеберлік байқасады.
Қазақ дзюдошылары Душанбеде жаппай жеңілді
Қазақстан дзюдошылары жаппай жеңілді. Дзюдодан Душанбеде әлемдік Гран Слэм турнирі аяқталды. Жарыстың соңғы күнінде татамиге шыққан Естай Ермұхан мен Мұхаммедали Мавлидов алғашқы айналымнан аса алмады. Осыған дейін де 3 спортшымыз жарысты ерте аяқтаған болатын. 73 келіде бақ сынаған Аңсарбек Ғайнуллин Қытай балуанына, Ықылас Әлсейіт пен Досхан Жолжақсынов түрікмен дзюдошыларына есе жіберді. Осылайша Душанбедегі турнирде Абиба Абужақынова ғана жүлдеге ілігіп, ұлттық құраманың қоржынына бір қола медаль салды.
Айта кетейік, Душанбеге Қазақстан құрамасы бірінші номерлі дзюдошыларын алып барған жоқ. Негізгі құрам Астанада өтетін Qazaqstan Barysy Grand Slam турниріне дайындалып жатыр.
Үздік парадзюдошылар елордада белдеседі
Үздік пара дзюдошылар елордада белдеседі. 13-15 мамыр күндері бас қаладағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында алғаш рет пара дзюдодан әлем чемпионаты өтеді. Төрт жыл сайын өтетін басты додада 40 елден 350-ден аса спортшы жүлдеге таласады. Биылғы жаһандық бәсекеге 15-тен астам Паралимпиада чемпионы мен әлемдік жұлдыздар арнайы қатысады. Ел намысын Ақмарал Науатбек, Ерғали Шамей, Асылан Нұрдаулетов және Бауыржан Арыстанбеков қорғайды.
Тегтер #дзюдо #Душанбе #Қайрат ФК #чемпиондар лигасы #24KZ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz