RU
Толық нұсқаға өту

Ғ. Қырғызбаев Qazaqstan Barysy Grand Slam жарысына қатысады 

06.05.2025, 09:38 530

Шайбалы хоккейден 2025 жылғы әлем чемпионаты элиталық дивизионындағы Қазақстан құрамасының ойын кестесі белгілі болды.

Біріншілікте отандастарымыз В тобында ойнайды. Қарсыластары Финляндия, Чехия, АҚШ, Германия, Дания, Норвегия және Мажарстан. Ойындар Данияның Хернинг қаласында болады.

Ғ. Қырғызбаев Qazaqstan Barysy Grand Slam жарысына қатысады 

Qazaqstan Barysy Grand Slam әлемдік жарысына қатысатын Қазақстан құрамасы анықталды. 9-11 мамыр күндері бас қалада өтетін байрақты бәсекеге 49 елден 400-ден астам спортшы қатысады деп жоспарланған. Ал, ел намысын 26 ер, 14 бұрымды қорғайды. Елорда татамиінде Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев бақ сынайды. Бұл оның Париж Олимпиадасынан кейінгі алғашқы жарысы болғалы отыр. Сондай-ақ  60 келде Мағжан Шамшадин, 73 келіде Есет Қуанов, 81 келіде Абылайхан Жұбаназар, 90 келіде Айдар Арапов, 100 келіде Марат Байкамуров және аса ауыр салмақта Ерасыл Қажыбаев сынды ел үздіктері бар. Ал бұрымдылар қатарында Диана Буркеева, Аруна Жангелдина, Кристина Сотникова, Ақерке Рамазанова сынды татами шеберлері бар. Ал Әбиба Әбужақынова мен Ғалия Тынбаева бұл жарысқа қатыспайды. Қос бұрымдымыз бапкерлік штабтың шешімімен Мажарстанда  өтетін әлем чемпионатына дайындалады.

Үздік парадзюдошылар елордада белдеседі

Үздік парадзюдошылар елордада белдеседі. 13-15 мамыр күндері бас қаладағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында алғаш рет парадзюдодан әлем чемпионаты өтеді. Төрт жыл сайын өтетін басты додада 40 елден 350-ден аса спортшы жүлдеге таласады. Биылғы жаһандық бәсекеге 15-тен астам паралимпиада чемпионы мен әлемдік жұлдыздар арнайы қатысады. Ел намысын Ақмарал Науатбек, Ерғали Шамей, Асылан Нұрдаулетов және Бауыржан Арыстанбеков қорғайды.

Е. Рыбакина әлемдік рейтингіде 12-орынға сырғыды

[1] Әйелдер теннисі қауымдастығы жекелей және жұптық сында жаңартылған рейтингіні жария етті. Мадридтегі турнирдің үшінші айналымынан аса алмаған Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина 11-ден 12-ші орынға сырғыды. Осы жарыс жеңімпазы, Беларусь өкілі Арина Соболенко бұрынғыша көштің алдын бермесе, поляк Ига Швентек екінші, Мадридте финалға дейін жеткен америкалық Кори Гауфф үшінші сатыда тұр. Испания астанасында екінші айналымнан аса алмаған тағы бір қазақстандық Юлия Путинцева 24-тен 29-ға төмендеді. Жұптық сында Анна Данилина 17-орнын сақтап қалса, Юлия Путинцева 76-дан 77-ге, Жібек Құламбаева 106-дан 127-ге құлдырады. Енді Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева жуырда басталатын Рим додасында сәтті өнер көрсетсе, рейтингідегі орындарын жақсарта алады. Рыбакина 2023 жылы Римде үздік шықса, өткен жылы денсаулығына байланысты одан тыс қалған еді. Ал Юлия Путинцева үшінші айналымға дейін жеткен болатын.

Ә. Омарханов әлемдік рейтингіде бірден 32 сатыға жоғарылады

17 жастағы Әмір Омарханов әлемдік рейтингіде бірден 32 сатыға жоғарылады. Кәсіби теннисшілер қауымдастығының жаңартылған рейтингісінде қазақстандық спортшылардың орыны анықталды. Қазақстанның бірінші ракеткасы, Александр Бублик 75-тен 76-ға, Александр Шевченко 92-ден 97-ге сырғыды. Сондай-ақ Дмитрий Попко 155-тен 163-ке, Михаил Кукушкин 162-ден 165-ке, Тимофей Скатов 172-ден 181-ге, Бейбіт Жұқаев 208-ден 220-ға төмендеді. Есесіне Денис Евсеев 258-ден 257-ге ауысты. Өткен аптада Шымкент турнирінде сәтті өнер көрсеткен Әмір Омарханов 988-ден 956-орынға жайғасты.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz