Елордада көкпардан Азия лигасы мәресіне жетті, деп хабарлайды 24kz.
Байрақты бәсекенің үшінші кезеңіне 8 команда қатысты.
«Басты мақсат – төл спортымызды ұлықтап, жастардың қызығушылығын ояту», - дейді ұйымдастырушылар.
Назерке Тоқжан, тілші:
- Ат құлағында ойнаған көкпаршыларды тамашалауға келгендердің қарасы қалың. Биыл байрақты бәсекеге сайдың тасындай іріктелген 8 команда қатысты. Ал ақтық сынға шын мықтысы ғана жолдама алып, қанжығасын майлары анық. Әуесқойлар арасындағы дода ә дегеннен-ақ тартысты басталды.
Әлішер Ислам, «Азия көкпар лигасының» бас ұйымдастырушысы:
- «Азия көкпар лигасының» үшінші кезеңі. 8 команда қатысып жатыр. Тараздан «Әулие Ата» командасы, сонымен қатар «Астана өнер көкпары» деген сол командалар да қатысып жатыр. Негізгі мақсат – осы лиганы жастар арасында, қала адамдары арасында көкпар спортын, командалық көкпарды насихаттау, жастарымызды атқа мінгізу.
Көкпар десе делебесі қозбайтын қазақ жоқ. Ұлттық рухтың көрінісіндей болған бәсекені Республикалық Көкпар федерациясы мен «Спорт пен мәдениетті дамыту» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Табиғат аясындағы тамаша тартыс мұнымен біткен жоқ. Демалыс алаңының енді бір бөлігінде тұрғындар асық ату, гір көтеру, ләңгі тебу сынды төл спортымыздың өзге де түрлерін қызықтады.
Жомарт Сабыржанов, Асық ату спортынан Қазақстан құрама командасының аға бапкері:
- Қазір 98 мың спортшы бар, 1353 бапкер, өңірлерде федерация бар. Асық ойыны мектептің програмасына кірді. Бұл асық деген малдың жілігін байланыстырып тұратын сүйек емес, бұл бәленбай ғасырлық тәрбиелік мәні бар сүйек. Асығың алшысынан түссін, жолың болсын, қой асығы болса да, қолыңа жақсы сақа тұт. Жасы кіші болса да, ақылы асса, аға тұт деген. Бұл біздің ата-бабадан қалған мұра, сондықтан соны ұлықтауға үлес қосып жатыр азаматтар.
Бұған қоса, көкпар турнирі аясында аутизм дертіне шалдыққан балаларға иппотерапия алаңы жасақталды. Ұйымдастырушылар осылайша, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға қолдау көрсетуді мақсат еткен. Салауатты өмір салты дәріптеліп, төл спортымыз төрге озған шара көпшіліктің көңілінен шықты.
Олжас Балжанбаев, «Спорт пен мәдениетті дамыту» қоғамдық бірлестігінің президенті:
- Ұлттық ойындар – біздің рухани құндылығымыз. Ол жас ұрпақты партиоттыққа және епті болуға тәрбиелейді. Ұлттық ойындарды насихаттау, танымал ету – біздің ортақ парызымыз.
«Азия көкпар лигасының» шешуші кезеңінде Жамбыл облысынан келген «Әулие Ата» командасы бірінші орынды қанжығасына байлады. Екінші орын елордалық «Ынтымақ» командасына, бұйырса, үздік үштікті «Астана өнер» командасының спортшылары түйіндеді.
Авторлары: Назерке Тоқжан, Бағдат Қайыркен
Тегтер #елорда #көкпарPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz