RU
Толық нұсқаға өту

Алматыда шағын футболдан Амангелді Сейітхан атындағы турнир басталды

10.05.2025, 13:50 704

Алматыда қазақ спорт журналистикасының көрнекті тұлғасы, спорт  комментаторы, тележурналист, Ақпарат саласының үздігі Амангелді Сейітхан атында шағын футболдан IV республикалық турнир басталды, деп хабарлайды 24KZ. Жиналғандар журналисті еске алып, жылы естеліктерін бөлісті.

«Қазақ спортының қайрағы» атанған Амангелді Сейітхан «Хабар» арнасында 20 жылдан астам уақыт қызмет етті. Бес Олимпиада ойындарында хабар таратты. Футболдан әлем чемпионатын тұңғыш рет қазақ тілінде жүргізіп, спорт журналистикасының дамуына зор үлес қосты. Аяулы азаматты еске алуға арналған байрақты бәсекеге елдің әр аймағынан бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінен құралған 14 команда келді. Дәстүрлі шара биыл «Хабар» агенттігінің 30 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылды

Кемелбек Ойшыбаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасы:

- Амангелді ағамыз «Хабар» агенттігімен бірге талай белестерді бағындырды. Оған біздер ғана емес, жалпы көрермен куә. Қазақ спорт журналистикасының комментаторлық бағытын бастаған азамат, негізін қалаған азамат. Сондықтан өзіміздің құрметімізді білдіріп, атын өшірмей, осы турнирді 4 жыл қатарынан дәстүрлі түрде өткізіп келеміз.

Қайнар Олжай, ардагер журналист:

- Амангелдінің «жеңісті күндерде жүздескенше» деген жарқын дауысы баршамызды желпіндіретін. Амангелдінің ең үлкен қасиеті ұлттық спорт пен әлемдік спортты біріктірді. Былай айтқанда, футбол мен көкпар Амангелдінің бойынан бірдей табылатын. Барлығына керек сөз табатын, барлығына теңеу табатын. Амангелдіге ғана құрмет емес, бұл қазақ спортына, өмірден өтіп кеткен біздің журналистерімізге құрмет.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz