Алматыда Амангелді Сейітханды еске алуға арналған шағын футболдан республикалық турнир мәреге жетті.
Тартысты додадаға ел аймақтарынан келген қаламы жүйрік журналистерден құралған 14 команда қатысты. Әріптес ойыншылардың байрақты бәсекесі туралы тілшіміз тарқатады.
Журналистер арасындағы футбол турнир жыл сайын Амангелді Сейітханның туған күні қарсаңында өтеді. Мамыражай уақытта дүниеге келген арда азаматты әріптестері, ұстаздары мен артынан ерген інілері ерекше сағынышпен еске алды. Аяулы әріптесіміз 2021 жылы 52 жасында өмірден өтті. Спорттық шара биыл «Хабар» Агенттігінің 30 жылдығы аясында ұйымдастырылды.
Кемелбек Ойшыбаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма төрағасы:
- Амангелді ағамыз Хабар агенттігімен бірге талай белестерді бағындырды. Оған біздер ғана емес, жалпы көрермен куә. Қазақ спорт журналистикасының комментаторлық бағытын бастаған азамат, негізін қалаған азамат. Сондықтан өзіміздің құрметімізді білдіріп, атын өшірмей осы турнирді 4 жыл қатарынан дәстүрлі түрде өткізіп келеміз.
Амангелді Сейітхан «Хабар» арнасында 20 жылдан астам уақыт еңбек етті. Бес олимпиада ойындарынан хабар таратты. 1998 жылы футболдан әлем чемпионатын тұңғыш рет қазақ тілінде жүргізді. Спортшыларымызды эфирде тапқырлығымен қайрап, жеңіс тұғырынан көрінуін жан тәнімен қалады.
Бақытбек Сембаев, досы:
- Амангелді енді өзі жоқ болғанымен мына ісі жалғасып жатыр. Баяғыда бір жарысқа барамын деді, Мақал мәтел жарысы болды. Амангелді енді сен мақалдың бәрін білесің ба десем, білмесем ойдан шығара саламын ғой, ондай қасиетім бар дейді. Ұлы сөзі бар ғой «жеңісті күнде жүздескенше» деген. Ұран болып кетті.
Дәстүрлі турнир биыл бірінші рет чемпиондар лигасының форматында өтті. Әлемдік үрдіске сай әр команда үш ойыннан өткізіп, жоғары ұпай жинағаны жүлдеге таласты. Алаңда кірме ойыншы жоқ. Есей Жеңісұлы, Дәурен Берікқажыұлы, Есболат Айдабосын, Аман Тасыған, Айбек Қабылша, Ақын Ордабай сияқты қаламымен танылған журналистер Аман ағаның кубогын иеленуге барын салды.
Оңғар Қабден, турнирге қатысушы /Абай облысы/:
- Амангелді Сейітханов ағамыздың туған жері Абай облысы, сол Абай облысының атынан Сейітхановтың турниріне бір команда келіп қатысып отырмыз. Бұл жерде осал команда жоқ. Сонау Алтай мен Атыраудың, Торғай мен Қордайдың арасындағы жазуға ебі бар, қаламының желі бар, журналистер тілші қауымының барлығы осы жерге жиналып отыр.
Бекасыл Амангелдіұлы, ұлы:
- Алыстан ат терлетіп келген командаларға риашылығым мол, дәл осындай ағалар тұрған кезде дәл осындай ұжым тұрған кезде меніңше бұл турнирдің брендке айналары бұл кәміл сенім. Және соған келе жатырмыз деген ойдамын жалпы. Кейін де өзінің жалғасын таба береді деген ойдамын.
Ойын болған соң жеңіс те бар, жеңіліс те бар. Бірінші орынды Қызылорданың «Ақмешіт» командасы иемденді. Қалған жүлделі орындарға тараздық журналист-футболшылар мен астананың «Қазмедиа» ұжымы табан тіреді.
Гүлжан Көленқызы, Әбен Нарымбаев, Валентин Лобанов
Тегтер #Амангелді Сейітхан #шағын футбол #24KZ #Хабар агенттігіPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz