RU
Толық нұсқаға өту

Регбиден әйелдер құрамасы Азия чемпионатында бақ сынайды

12.05.2025, 23:35 382

Регбиден ұлттық әйелдер құрамасы кезекті Азия чемпионатына дайындалуда, деп хабарлайды 24kz.

Жерлестеріміз 15 мамырда Жапонияның Фукуока қаласында өтетін құрлық біріншілігінде бақ сынайды.

Азия чемпионаты регби-15 форматында өтеді. Яғни, әр командада 15 ойыншыдан болады. Олар 40 минуттан екі тайм ойнайды. Ұлттық әйелдер құрамасы жаттығуға тыңғылықты кіріскен. Бағдарлама физикалық, тактикалық жаттығу және психологиялық сабақтан тұрады. Спортшыларымыз осыған дейін Кутаиси қаласына барып, Грузия құрамасымен екі жолдастық кездесу өткізіпті.

Ильдар Абдразаков, регбиден Ұлттық әйелдер құрамасы бас бапкерінің көмекшісі:

- Соңғы екі аптада команда Грузияда жіберген қателіктерді ескере отырып жаттығуда. Дайындық өте ауқымды жүріп жатыр. Себебі бұл – командалық спорт түрі. Әр ойыншыны өз орнына қойып, командалық жұмыс пен шыдамдылықты шыңдай түсу керек.

Азия чемпионатына елімізден барлығы 26 спортшы қыз барады. Ұлттық құраманың негізгі қарсыластары – Азия регбиінің қазіргі көшбасшысы Жапония және тәжірибелі бәсекелес Гонконг командасы бар.

Карина Сазонтова, регбиден Ұлттық әйелдер құрамасының капитаны:

- Кез келген жарысқа жеңіске жету үшін барасың. Біз де сол мақсатпен барғалы отырмыз. Қорқыныш әрдайым болады, тіпті шағын турнирлердің алдында да уайым болады. Біз осыны жеңе білуіміз керек.

Азия чемпионаты – жерлестеріміз үшін жәй ғана турнир емес. Ұлттық құрама жеңіс тұғырынан көрінсе әлем чемпионатына жолдама алады.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz