Қазақстан әйелдер құрамасы Азия чемпионатына қатысады.
Бүгін Жапонияның Фукуока қаласында регбиден сары құрлық біріншілігінің жалауы желбірейді. Ел құрамасы алғашқы ойынын бүгін Жапонияға қарсы өткізеді. Одан кейін 20 мамырда Гонконг құрамасымен кездеседі.
Қазақстан әйелдер құрамасы 2007, 2008, 2012, 2013, 2014 жылдарда Азия чемпионы атағын жеңіп алған. Ал 2023 жылы біріншіліктің күміс жүлдегері атанды. Сондай-ақ әлем чемпионатына алты мәрте қатысып, 1998 жылы тоғызыншы орынға тұрақтады.
Жұрқамырза Шүкірбеков әлем чемпионы атанды
Жұрқамырза Шүкірбеков әлем чемпионы атанды. Парадзюдодан елордада өткен біріншілікте жерлесіміз 95 келіден жоғары салмақта J2 санаты бойынша сынға түсті. Ақтық сынға дейін қарсылас шақ келтірмеген ол, финалда Париж Паралимпиадасының чемпионы, түркиялық Ибрахим Бёлюкбашины қапы қалдырды. Сөйтіп бас қалада екінші рет әнұранымыз шырқалды. Сондай-ақ кешегі жарыс күні қоржынға күміс пен қос қола түсті. 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Аяла Мереке финалда 2 дүркін Паралимпиада чемпионына есе жіберіп, күміс жүлдені місе тұтты. Ал Ерлан Өтепов пен Бағланбек Оңалбек тұғырдың үшінші сатысынан көрінді. Айта кетейік екі күннің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 2 алтын, 2 күміс және 5 қола еншіледі. Енді жерлестеріміз бүгін командалық бәсекеде сынға түседі.
Қазақстан хоккей құрамасы Данияға есе жіберді
Қазақстан Данияға есе жіберді. Шайбалы хоккейден ел құрамасы 2025 жылғы әлем чемпионаты элиталық дивизионындағы төртінші ойынын Данияға қарсы өткізді. Екі құрама бұған дейін алты мәрте шеберлік байқасқан. Оның екеуінде қазақстандық хоккейшілер жеңіске жетсе, қалған ойында қарсыластардың жолы болды. Кешегі кездесу барысында да даниялық хоккейшілер белсенділік көрсетті. Нәтижесінде олардың қатарынан Миккель Огор 24, Александер Труэ 32-минутта шайба соғып кетті. Ойынның 46-минутында қазақстандық Никита Михайлис есеп айырмасын қысқартты. Алайда даниялықтар үш гол соғып, есепті еселей түсті. Осылайша қазақстандық хоккейшілер қарсыласына 1:5 есебімен есе жіберді. Енді жерлестеріміз алдағы ойынын 17 мамырда Чехияға қарсы өткізеді.
«Астана» мен «Қайрат» ширек финалда сүрінді
Астана мен Қайрат ширек финалда сүрінді. Кеше футболдан Қазақстан кубогінің жартылай финалына жолдама алған барлық команда анықталды. Алғашқы ойынның бірінде Ордабасы мен Қайрат кездесті. Ойын тағдырын 34-минутта Жоао Паулино соққан жалғыз гол шешті. Осылайша шымкенттік клуб қарсыласынан 1:0 есебімен басым түсті. Ал Астана болса Жеңісте айласын асыра алмады. Негізі кезең 1 де 1 есебімен аяқталып, ойын пенальтиға ұласты. Пенальти сериясында «Жеңіс» жартылай финалға жолдаманы жұлып алды. Сондай-ақ Қызылжар Елімайды, Тобыл сырт алаңда түркістандық Тұранды тізе бүктірді. Енді жартылай финалда Қызылжар мен «Ордабасы, Тобыл мен Жеңіс ойнайды. Айта кетейік ел кубогінің жеңімпазы 2026 жылы өтетін Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңіне жолдама алады.
А. Антропов — Азия чемпионатының күміс жүлдегері
Артём Антропов Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Қытайдың Цзяншань қаласында өтіп жатқан ауыр атлетикадан сары құрлық біріншілігінде жерлесіміз 102 келіге дейінгі салмақта сынға түсті. Осы салмақтағы әлем чемпионы бұл сында тек Париж Олимпиадасының жеңімпазына есе жіберді. Антропов жұлқа көтеруде күміс, серпе көтеруде қола жүлде жеңіп алды. Бұл ел қоржынына түскен екінші жүлде. Бұған дейін Пётр Хребтов қола медальді қанжығаға байлаған болатын. Айтак кетейік он күнге созылатын құрлықтық додада 200-ден астам спортшы жарыс жолына шығады. Оның ішінде 112-і ерлер, 89-ы әйелдер арасында сынға түсіп жатыр. Азия чемпионаты ерлер арасында 1971 жылдан басталса, 1988 жылдан бері құрлықтық додада әйелдер сайысқа түседі. 1998-2024 жылдар аралығында қазақстандық ауыр атлеттер 29-ы алтын, 47-і күміс, 101-і қола медаль жеңіп алды.
Тегтер #Қазақстан #регби #әйелдер құрамасы #Азия чемпионаты #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz