RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстандық таеквондошылар әлем чемпионатында үздік нәтиже көрсетті

15.05.2025, 14:35 425

Таеквондодан Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Араб әмірліктерінде өткен әлем біріншілігінде үздік нәтиже көрсетті.

Жаһандық жарыста ел қоржыны 2 алтын, 1 күміс және 2 қола медальмен толықты. 5 күнге жалғасқан бәсекеде отандық таеквондо тарихында болмаған нәтиже тіркелді. Қазақстандық спортшылар жалпы жүлде саны бойынша екінші орынды иеленді. Кадеттер сынында қос алтынды Сағынғали Жантөре мен Хамзаәлпер Ромашкин қанжығалады. Күмісті Аятжан Әмірханов еншілесе, қыздар сайысында Алла Цой мен Аида Қожаәлімова қолаға қол созды. Айта кетейік, әлем біріншілігіне 87 елден 800-ден астам спортшы қатысты. Құраманы дүбірлі додаға аға жаттықтырушылар Нұрдәулет Асханов пен Ерасыл Қайырбек дайындады.

Сағынғали Жантөре, таеквондодан жасөспірімдер арасында әлем чемпионы:

- Бұйыртса, алдағы жоспарым Азия чемпионы болу. Малайзияда өтеді шілде айында. Сосын 2032 жылға дейін жақсы дайындалып,  Олимпиададан алтын алып келуге тырысамын.

Хамзәлпер Ромашкин, таеквондодан жасөспірімдер арасында әлем чемпионы:

- Чемпионат мен үшін жоғары деңгейде өтті. Жартылай финалда ирандық қарсыласыммен жекпе-жекте біраз қиналдым. Ал шешуші сын өз жоспарым бойынша өрбіді. Енді тек олимпиадаға қатысуға және жеңуге барымызды саламыз.

Енді өрендеріміз басқа да байрақты бәсекелерге бақ сынап, жеңіске жетуге талпынады. Ал ересектер командасы Астанада тамыз айында өтетін  Халықаралық турнирде өнер көрсетеді. Олимпиадаға іріктеу сындарына қатысады. Еске салайық, Фуджейрадағы әлем біріншілігі аясында  қазақстанға теквондодан келер жылғы гран-придің финалдық кезеңін өткізу құқығы берілді. Онда олимп ойындарына жолдамалар ойнатыла бастайды.

Арал Садықов, Қазақстан «WT» таеквондо федерациясының бас хатшысы:

- Жалпы бапкерлерге, спортшыларға рақметімді айтқым келіп тұр. Үлкен нәтиже. Аллаға шүкір. Бұйыртса, Азия чемпионатында топ жарамыз деген үміттеміз. Біздің жасөспірімдер олимпиада чемпионы болады деген сеніміміз мол.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz