Айбота Ертайқызы Азия чемпионы атанды. Көркем гимнастикадан Сингапурдегі сары құрлық біріншілігінде жерлесіміз лентамен өнер көрсету сайысында топ жарды. Бұл сайыста тағы бір қазақстандық Айым Мейіржанова төртінші орынға табан тіреді.
ҚПЛ: «Қайсар» биыл алғашқы жеңісіне қол жеткізді
Қайсар биылғы маусымда алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Қызылордалық команда жыл басында қазақстандық футболшыларға сенім артатынын білдірді. Десе де 9 турға дейін жеңіске жете алмады. Кеше олар өз алаңында Түркістанның «Тұран» командасын қабылдады. Кездесу барысында қос ұжым да тартысты ойын өткізді. Алғашқы кезеңде командалар бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ. Екінші кезеңде «Тұран» қақпасына пенальти белгіленіп, Айбар Жақсылықов жеңіс голын соқты. Осылайша «Қайсар» біріншіліктегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Сондай-ақ ел біріншілігінің 9 турында Елімай Қайратты, Астана Ұлытауды, Ақтөбе Оқжетпесті тізе бүктірді. Ал Жеңіс пен Қызылжар, Жетісу мен Атырау тең ойнады.
Қазақстан хоккей құрамасы бесінші мәрте жеңілді
Қазақстан хоккей құрамасы қатарынан бесінші мәрте жеңілді. Шайбалы хоккейден жерлестеріміз 2025 жылғы әлем чемпионаты элиталық дивизионындағы алтыншы ойынын АҚШ құрамасына қарсы өткізді. Кездесудің бірінші таймында қос құрама бір-бірінің аяқ алысын аңдап, гол соғуға мүмкіндік бермеді. Алайда ойынның екінші бөлігінде қарсыластар осал тұсымызды тауып, 5 бірдей шайбаны қақпаға дарытты. Үшінші таймда тағы бір гол салып, есепті еселей түсті. Қазақстандық жігіттер ойын аяқталуға бір минут қалғанда ғана есің жиып, 6 голға 1 голмен жауаап қайырды. Қорытынды есеп 1 де 6. Бұл Қазақстан хоккей құрамасының әлем біріншілігіндегі бесінші жеңілісі. Бұған дейін олар Германияға 4:1, Мажарстанға 4:2, Данияға 5:1, Чехияға 8:1 есебімен есе жіберді. Енді жерлестеріміз алдағы ойынын ертең Швейцарияға қарсы өткізеді.
Каратэден Азия біріншілігі басталады
Азия үздіктері Ташкентке жиналды. Себебі бірер күннен кейін каратэден сары құрлық біріншілігінің жалауы желбірейді. Байрақты бәсекеге 29 елден барлығы 421 спортшы қатысады. Ел намысын 24 спортшы қорғайды. Олар жекелей және командалық сайыста бақ сынайды. Жерлестеріміз біріншілікке сақадай сай. Мөлдір Жаңбырбай, Нұрқанат Әжіқанов, Софья Берульцева сынды ел үздіктері жанкүйерлерді жерге қаратпаймыз деп отыр.
Жамбыл жастары көкпардан ел чемпионы атанды
Жамбыл жастары көкпардан ел чемпионы атанды. Алматы облысында тақымғаа серке басқан Жастар арасында Қазақстан Республикасының 19-шы чемпионаты өз мәресіне жетті. Биылғы біріншілікке сайдың тасындай іріктелген 13 команда қатысты. Олар 4 топқа бөлініп, жартылай финал жолдамасын сарапқа салды. Нәтижесінде Алматы, Жамбыл, Атырау облыстарының және Шымкент қаласының құрамалары өз тобынан сытылып шығып, финалға кім лайықты екенін анықтады. Жартылай финалда Жамбыл облысының көкпаршылары алматылықтарды 6:3 есебімен жеңсе, Шымкенттіктер Атырау шеңберіне жауапсыз 12 салым салып, ақтық сайысқа жолдама алды. Финалда Оңтүстіктің қос мықтысы тартысы ойын көрсетіп жамбылдықтар 5:4 есебімен жеңісті жұлып алды. Осылайша әулиеаталықтар бірінші, Шымкент қаласы 2-ші, Алматы облысының құрамасы үздік үштікті түйіндеді.
Тегтер #көкпар #ҚПЛ #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz