Ауыр атлетикадан Азия чемпионаты аяқталды, деп хабарлайды 24kz.
Қытайдың Цзяншань қаласында өткен байрақты бәсекеде қазақстандық атлеттер екі медальға қол жеткізді. 102 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі Артем Антропов күміс, 73 келіде сынға түскен Петр Хребтов қола жүлде еншіледі. Құрлықтық біріншілікке жалпы 26 елден 247 спортшы қатысты. Ұлттық құрама атлеттері Азия чемпионатына дайындықты әуелі Алматы облысынан бастады. Артынша Түркияда шеберліктерін шыңдады. Енді ұлттық құраманың алдында Сауд Арабиясында өтетін Ислам ынтымақтастығы ойындары және Норвегиядағы әлем чемпионаты тұр. Бас бапкер Дәурен Бекмұханбетов біріншілікті қорытындылап, алдағы жоспарымен бөлісті.
«Енді осы жылы өтіп жатқан жарыстар аса маңызды емес. Келесі жылы іріктеу кезеңі басталады. Сол уақыттан бастап, жақсы нәтиже көрсету керек. Сондай-ақ келесі жылы Басты жарыстарымыздың бірі Азия ойындары болады», - деп мәлімдеді.
Айта кетейік, биылғы Азия біріншілігі соңғы рет ескі категория бойынша өтті. Келер жылдан бастап халықаралық жарыстар жаңа салмақ дәрежесінде өтеді.
Тегтер #Азия чемпионаты #ауыр атлетика #Қытай #ұлттық құрамаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz