Шри-Ланканың Коломбо қаласында Дүнижүзілік әскери спорт ұйымының 80-ші конгресі жалғасып жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Қазақстан делегациясы төрт құрлықтың жиынында төл күресімізді жан-жақты таныстырып, әлем елдерін Астана қаласында өтетін әскерилер арасындағы әлем біріншілігіне шақырды.
Спорт – бейбітшілік елшісі. Дүниежүзілік әскери спорт ұйымының негізгі ұстанымы осы. Әскердің күшті әлеуетін ұрыс алаңдарында емес, жарыс кешендерінде сынап көру керек. Сондықтан бұдан былайғы уақытта СИЗМ аясындағы жарыстар Олимпиада деңгейінде ұйымдастырылады.
Дүниежүзілік жарыстарға қатысу үшін әскери спортшылар алдымен арнайы іріктеу сындарынан өтуі тиіс. Яғни ел тыныштығын күзеткен сарбаздар ендігі жерде кәсіпқой спортшы да бола алады. СИЗМ-нің жарыс бағдарламасында осы күні бірнеше спорт түрі бар. Енді әлем елдері өздерінің ұлттық спорт түрлерін СИЗМ бағдарламасына кіргізуге асық. Бұл тұрғыда Қазақстан Азия елдерінің арасында алғаш болып іске кірісті. Тамыз айында тұңғыш рет қазақ күресінен әскерилер арасындағы әлем біріншілігі Астана қаласында өтеді.
Арман Әбеуов, ҚР Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы:
- Кешегі баяндаманың ерекшелігі 2026 жылы жалғасы болатын әлем чемпионаты қазақ күресінен Мәскеу қаласында өтеді, Ресей федерациясында. Біздің мақсат – әскердің дене дайындығын көтеру және де бүкіл елдердің арасында спорт арқылы ынтымақтастықты нығайту.
Қазақстан делегациясы төрт құрлық өкілдеріне жеке-жеке төл күресімізді тәптіштеп тұрып таныстырды. Қазақ күресін Көшпенділер ойындарынан көріп қалған Африка мен Латын Американың кейбір елдері қызығушылықтарын жасыра алмады.
Пауло Афонсо, Бразилия делегациясының басшысы:
- Қазақ күресін біршама білем деп айтсам болады. Өйткені дзюдомен ұқсастығы бар. Көгілдір экраннан да көріп жүрміз. Енді әскерлер арасында тұңғыш рет өткелі отырған әлем чемпионаты өте тартысты болады деп ойлаймын.
СИЗМ нің 80-ші конгресінде аймақтық директорлар кеңесінің жаңа мүшелері сайланды. Үміткерлер арасында Қазақстан делегациясының жетекшісі Арман Әбеуовте болған. Өкінішке қарай, Сайлауұлына сайлауда бір ғана дауыс жетпей қалды. Дегенмен СИЗМ төрінде Қазақ азаматының да отыратын күні алыс емес екеніне көзіміз жетті.
Авторы: Жандос Айтбайұлы
Тегтер #Шри Ланка #қазақ күресi #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz