Биыл елімізде 240 мыңнан астам жеткіншек спорт секцияларына тегін қатысуға жолдама алды.
Балаларға мұндай мүмкіндікті «Даму бала» арнайы бағдарламасы сыйлап отыр. Осыдан 2 жыл бұрын қолға алынған бастама бүгінде оқуда озат, өнерде өрелі, спортта сайыпқыран болғысы келген талай жастың талантын ашып келеді. Мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырыс бағытында іске асатын жобаның маңыздылығы қандай? Платформа кімдерге қолжетімді?
Айсұлу Асылбекқызы 6 баланың анасы. 2 жылдан бері қыздарына тегін үйірмеге қатысуға жолдама ала алмай келген. "Даму балаға" тіркеу ашылған кезде талай мәрте бағын сынап көргенімен нәтиже болмапты. Бірде платформа істен шықса, тағы бірінде орын толып іліне алмай қалады. Көп күткені қаңтарда орындалыпты. Қос қызын қосымша үйірмеге жаздырып, қазір жетістіктеріне күн сайын қуанып жүр.
Айсұлу Асылбекқызы, қала тұрғыны:
- Орындар шектеулі болды, сайт істемей қалды. Алу мүмкіндігі маған қиындау болды. Сосын біз біразға дейін ала алмадық. Содан өзінің арнайы орталығы бар мына жақта, соған барып, жүгініп, өтініп тіркеліп алдым.
Айсұлу секілді ата-ана көп қазір. Баласын тегін үйірмеге жаздырып, ақыл-ой, білім-өнерге баулығысы келетін. Алайда мемлекеттің жасап отырған бұл мүмкіндігі барлығына бірдей қолжетімді болмай тұр. Ауылдық жер қамтылмаған, қала мен облыс орталықтарында қосымшаның түр-түрі бар. Тиісінше ай сайынғы төлемдері де аз емес. Біреудің қолы жетсе, екіншісі бара алмай жатады. «Даму бала» платформасы осы түйткілді шешуге бағытталған. Оқуда озат, өнерде өрелі, спортта сайыпқыран болуды көздеген жеткіншектерге бағдарламаның мүмкіндігі көп. 3 жастан 17 жасқа дейін жеткіншек таңдағанына қатысып, керектісін ала алады.
Күләш Жақыпбекова, Астана қаласы әкімдігінің Мемлекеттік шығармашылық тапсырысты іске асыру дирекциясының бөлім басшысы:
- Бүгінгі таңда шығармашылық тапсырыс бойынша Астанада 27 мың бала білім алуда. Олар 50 түрлі үйірме бойынша білім алады. 2024 жылы 30 қарашада бізге 18 мың баладан өтінім келіп түскен. Қазір оның ішінде 10 мыңға дейін балаларға ваучер таратылды. Қалған 18 мыңға дейінгі бала әлі бізде кезекте тұр.
Баланы дамытуға бағытталған бағдарлама тікелей қос министрліктің қарауында. Шығармашылық үйірмелер бойынша мәдениет және ақпарат министрлігі, спорт секциялары бойынша туризм және спорт министрлігі жауапты. Ал қаржыландыру жергілікті әкімдіктердің мойнында. Жыл сайын қазынадан бөлініп отыратын бюджет те аз емес. Мәселен, биылғы оқу жылында спорт бағытына 50 млрд теңге бөлініпті. 240 мыңнан астам бала тегін үйірмемен қамтылды. 60-тан аса қосымшаның арнайы тізімі бекітілген.
Кәмшат Мұхамеджан, Мадияр Қандыбаев
Тегтер #Damubala #спорт #үйірме #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz