RU
Толық нұсқаға өту

Дзюдодан әлем чемпионаты мәресіне жетті

20.06.2025, 09:41 386

Әлем кубогінде ел намысын кімдер қорғайды?  

Санжар, Махмұд, Нұрбек және Абылайхан шаршы алаңға шығады. Тура 10 күннен кейін Астанада бокстан Әлем кубогі өтеді. Бұл отандық спорт үшін тарихи оқиға болмақ. Өйткені еліміз алғаш рет World Boxing ұйымының дүниежүзілік додасын қабылдағалы отыр. Ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов olympic.kz сайтын сұхбат беріп, ел намысын қорғайтын спортшылардың тізімін жариялады. Атап айтқанда,  50 келіде Санжар Тәшкенбай, 55 келіде Махмұд Сабырхан, 60 келіде Серік Теміржанов, 65 келіде Ертуған Зейнуллинов, ал, 70 келіде Абылайхан Жүсіпов жұдырықтасады. 75 келіде Сабыржан Аққалықов шаршы алаңға шығады. Ал ауыр және аса ауыр салмақтарда Бекзад Нұрдәулетов, Сағындық Тоғамбай және ағайынды Нұрбек пен Айбек Оралбайлар өнер көрсетеді. «Бұл алдын ала жасақталған құрам. Бір-екі салмақта өзгеріс болуы мүмкін» деді Қайрат Сәтжанов. Аталған жігіттер дәл қазір Астанада жаттығуды пысқытап жатыр. Байрақты бәсекенің өзі 30-маусымда басталып, 7 шілдеге дейін жалғасады. Жарыс елорда төріндегі жекпе-жек сарайында ұйымдастырылады. Оған 31 елден 300-ден аса боксшы қатысады.

Азия чемпионаты: жалпы есепте бірінші орындамыз

Жалпы есепте бірінші орындамыз. Вьетнамның Вунгтау қаласында күрес түрлерінен 23 жасқа дейінілер арасындағы Азия чемпионаты жалғасып жатыр. Жарыстың алғашқы күндері грек-рим күресі бойынша бәсекелер болды. Нәтижесінде қазақстандық спортшылар 8 медаль жеңіп алды. Оның 4-еуі алтын. Атап айтқанда, 55 келіде Ерасыл Мамырбеков, 60 келіде Исхар Құрбаев, 67 келіде Бағдат Сабаз және 77 келіде Ақжан Ықыласов барлық қарсыласын айқын басымдықпен ұтып, Азия чемпионы атанды. Бұған қоса қоржынымызда 3 күміс пен 1 қола бар.  Яғни ауыр салмақтардағы Мақсат Сайлау, Юсуф Мациев және Джохар Узаров финалда есе жіберіп, күміске қол созса, 82 келідегі Диас Қалтай үздік үштікті түйіндеді. Осының арқасында Қазақстан құрамасы 177 ұпрай жинап, жалпы командалық есепте бірінші орынға жайғасты. Үздік үштікті Қырғызстан және Өзбекстан құрамалары түйіндеді.  Енді қыздар күресі жәіне еркін күрес бойынша сындар өтеді. Вунгтау қаласындағы жарыс 26-маусымға дейін жалғасады.

Дзюдодан әлем чемпионаты мәресіне жетті

Қоржынымызда бір ғана медаль. Венгрия астанасы Будапешт қаласында дзюдодан жылдың басты бәсекесі әлем чемпионаты мәресіне жетті. Биылғы байрақты бәсекеге 93 елден 600-ге жуық қатысушы жиналды. Оның ішінде 12 ұлттық құрама өкілі бар. Қазақстандық қыз-жігіттер арасынан Әбиба Әбужақынова ғана жүлдеге ілікті. 48 келіде өнер көрсететін қазақ қызы финалға дейін жетіп, ақтық сында италиялық Ассунта Скуттоға есе жіберді. Сәйкесінше күміс жүлдегер атанды. Бұл отандық дзюдо үшін тарихи жетістік саналады. Яғни қазақ қызы алғаш рет әлем чемпионатының күмісін иеленіп отыр. Қалған спортшыларымыз, өкінішке орай, жеңіс тұғырына көтеріле алмады. Осы бір ғана күмістің арқасында Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте 11-сатыға тұрақтады. Топ басында Жапония болса, алдыңғы бестікке Ресей, Италия, Грузия және Франция елдерінің өкілдері кірді.

Александр Бубликтің сенсациялық жеңісі

YOUTUBE.COM/TENNIS TV 

Александр Бублик әлемнің бірінші ракеткасын жеңді. Дәл қазір Германияның Берлин қаласында теннистен ATP 500 санатындағы турнир өтіп жатыр. Қазақстандық Александр Бублик екінші айналымда италиялық Янник Синнермен кездесті. Айта кету керек, Бублик әлемдік рейтингте 45, ал, Синнер 1-орында тұр. Соған қарамастан Александр айқын басымдық танытып, 3:6, 6:3 және 6:4 есебімен жеңіске жетті. Александр Бублик реванш алды деуге болады. Жуырда ғана қос теннисші «Ролан Гаррос» турнирінің ширек финалында кездесіп, Синнер Бубликті үйіне қайтарған болатын. Бұған қоса үшінші айналымға өткен үшін Бублик 69 100 еуро көлеміндегі сыйақы мен 100 рейтингілік ұпай иеленді. Енді үшінші айналымда ол чехиялық Томаш Махачпен кортқа шығады. Әйелдер арасындағы сында тағы бір қазақстандық Елена Рыбакина өнер көрсетіп жатыр. Ол да үшінші айналымға жолдама алды. Берлин қаласындағы жарыс 23 маусымға дейін жалғасады.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz