RU
Толық нұсқаға өту

Шымбұлақта ерекше арт-нысан ашылды

20.07.2025, 21:30 526

Алматыдағы Шымбұлақ тау шаңғы курортында ерекше арт-нысан ашылды. Шахмат атының мүсіні танымал Minecraft ойыны стилінде жасалған. Инсталляцияның мақсаты – қыркүйек айында Алматыда өтетін кадеттер арасындағы шахматтан әлем чемпионатына назар аударту. Іс-шара  Дүниежүзілік шахмат күніне орайластырылды.

Ат – шахмат ойынындағы ең ерекше әрі стратегиялық тұрғыдан маңызды фигуралардың бірі. Зияткерлік ойынның символы ретінде аттың таңдалуы сондықтан. Minecraft стилінде жасалған шахмат атының мүсінін федерация президенті Тимур Турлов пен Шымбұлақ курортының директоры Ринат Абдрахманов таныстырды. Болаттан дәнекерлеп құйылған мүсінде шахмат дәстүрі мен цифрлық эстетика үйлесім тапқан.

Тимур Турлов, Қазақстан шахмат федерациясының президенті:

- Бұл ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан дәстүр мен қазіргі заманның көрінісі. Себебі шахмат – қазіргі цифрлық әлемде бұрын-соңды болмаған деңгейде дамып жатқан заманауи ойын. Қазір оны ойнап жүрген балалардың саны өте көп. Шахмат бүгінде әлемдегі ең танымал киберспорт түрлерінің бірі деуге болады.

Шара аясында жас шахматшылар арасында блиц-турнир ұйымдастырылды. Қазақстан шахмат федерациясы 2025 жылды Балалар шахматы жылы деп жариялап, оны ел бойынша белсенді дамытып жатыр. Жыл сайын дарынды балаларды қолдауға шамамен 500 миллион теңге бөлінеді.

Гүлмира Дәулетова, Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры:

- Халықаралық шахмат федерациясына біз балаларды осы экскурсияға апарамыз. Шымбұлақты көрсетеміз және де, өздеріңізге белгілі, 18 қыркүйек күні Алматыда әлем чемпионаты басталады. Бұл балалардың арасында өткізілетін әлем чемпионаты болып табылады. Қазақстан тарихта бірінші рет өткізейін деп жатыр.

Кадеттер арасындағы шахматтан әлем чемпионаты қыркүйек айында Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтеді. Қазақстан намысын ұлттық чемпионат жүлдегерлері мен аймақтардағы жеңімпаз ойыншылардан жасақталған құрама қорғайды.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Айдос Қалиев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz