RU
Толық нұсқаға өту

Қазақ күресінен әскерилер арасындағы тұңғыш Әлем чемпионаты өтеді

05.08.2025, 17:50 559

14-15 тамыз күндері Астанада әскери қызметшілер арасында қазақ күресінен тұңғыш рет Әлем чемпионаты өтеді.

Байрақты бәсекені Халықаралық әскери спорт кеңесінің (CISM) қолдауымен еліміздің Туризм және спорт министрлігі, Қорғаныс министрлігі және Qazaq Kuresi қауымдастығы ұйымдастырып отыр. Боз кілемде ел намысын қорғайтын спортшыларымыз қазір соңғы дайындықтарын пысықтауда. 

Ұлттық спортты ұлықтауға бағытталған жарыс елімізде тұңғыш рет өткізілмек. Оған әлемнің 30-дан аса елінен әскери салада қызмет етіп жүрген 200-ге жуық палуан қатысады.

Еркебұлан Түсіпханов,  ҚР Қорғаныс министрлігі Спорт комитеті төрағасының орынбасары:

- Қазақ күресі ассоциациясының бастауымен төрешілер қауымдастығы іріктеп, бізге ең мықты палуандарды іріктеп берді. Бүгінгі таңда ерлер арасында 8 әскери қызметші, әйелдер арасында 8 әскери қызметші қыздарымыз қатысайын деп отыр. Барлығы 16 палуан сынға түседі.

Байрақты бәсекеде Қазақстан Қарулы Күштері мен Мемлекеттік күзет қызметінің құрамындағы ең мықты палуандар ел намысын қорғайтын болады. Чемпионат алдындағы оқу-жаттығу жиынының бірі Шымкентте өтті. Спортшылар сегіз салмақта белдеседі. 

Асан Мәмбетқұлов,  қазақ күресінен ҚР Қарулы күштері құрама командасының бас бапкері:

- Дайындық өте қызу жүріп жатыр. Екі жұма салмақ бердік. Енді келесі жұма тактикалық жұмыстар болады. Спортшылардың дайындығы өте жақсы. Ұл-қыздарымызға сеніміміз мол. Нымысымызды қолдан бермей алда көк туымызды желбіретуге спортшыларымыз әрқашан дайын.

Чепмпионат Кеңес одағының Батыры, қазақтың қаһарман қызы Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Жаһандық дода Астанадағы Qazaqstan жеңіл атлетика кешенінде өтеді.

Еркебұлан Түсіпханов,  ҚР Қорғаныс министрлігі Cпорт комитеті төрағасының орынбасары:

- Біріншіден, бүкіл елге өзіміздің Астанамызды көрсетіп, екіншіден, қазақтың дәстүрін көрсеткіміз келіп отыр. Қазақтың палуандары ашылу салтанатында қазақ тарихын айтып өтеді, қазақ күресін көрсетеді. Дала батырлары туралы аңыз болады.

Тұңғыш чемпионат төл спортымыздың қанат жаюына серпін бермек. Қазір Халықаралық әскери спорт кеңесі (CISM) Қазақ күресін жыл сайын өтетін әлемдік әскери турнирлер бағдарламасына және 2027 жылы АҚШ-та өтетін Дүниежүзілік әскери ойындардың қатарына енгізу мүмкіндігін қарастыруда.

Гүлжан Көленқызы, Әлішер Әшімов, 24КZ. 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz