Астанада алғаш рет пара спортшылар арасында боччадан халықаралық жарыс өтеді.
20-28 тамыз аралығында ұйымдастырылатын турнирге 13 мемлекеттен 60 спортшы қатысады. Бағдарлама жеке, жұптық және командалық сайыстардан тұрады. Қазақстан намысын 10 спортшы қорғайды. Осыған байланысты елордада оқу-жаттығу жиыны басталды.
Астанадағы оқу-жаттығу жиынына Жаңаөзен қаласынан келген Дәурен Қосыбай алдағы жарыста алтыннан алқа таққысы келеді. Орда бұзар жастан асқан жігіттің арманы асқақ. Болашақта паралимпиада чемпионы болуға ниетті.
Дәурен Қосыбай, Боччадан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі:
- Менің бұл спортқа келгеніме бір жыл уақыт болды. Менің бүгінгі нәтижем - спартакиадада 5,3 категориясында бірінші орын алдым. Қазақстан құрамасына кіріп, оқу-жаттығуды бастадым. Рамка операторларымыз бар. Біз тек айтамыз, солар бағыттап береді.
Отандық пара спортшылардың дайындығын жоғары деңгейде өткізу үшін Қазақстан бочча федерациясы Оңтүстік-Шығыс Азияның білікті маманын шақырды. Ол жаттықтыратын Тайланд ұлттық құрамасы соңғы сайыстарда жеңімпаз атанып жүр.
Котсила Самрит, Боччадан Тайланд ұлттық құрамасының бас бапкері:
- Мені осында шақырған Қазақстан тарапына айтар алғысым шексіз. Мен бұл елге кезекті мәрте келгеніме өте қуаныштымын. Боччадан Қазақстан құрамасы әлем бойынша мықты командалардың қатарында деп сеніммен айта аламын. Қазір осындағы спортшыларға бар білгенімді үйретіп келемін. Осы салада жүргеніме 20 жылдан асты.
Астаналық спортшылармен бірге дайындығын пысықтап жатқан қатысушылар Алматы қаласынан, Абай, Жамбыл, Жетісу облыстарынан және Маңғыстау өңірінен келді.
Нұргүл Ұлжекова, Қазақстан Бочча Федерациясының бас хатшысы:
- Неге Тайландтың бапкерін таңдадық? Өйткені Тайланд құрама командасы өте мықты. Өткен паралимпиадалық циклдарда бірнеше рет чемпион болғандар. Олар - Тайланд құрамасының мүшелері және былтыр біз Тайландта, Бангкокта олардың оқу-жаттығу жиынына қатыстық. Сондықтан ең мықтылармен бірге жаттығу үлкен нәтиже береді деп сенеміз.
Бірі білсе, бірі білмес. Ойынның ережесі тым қарапайым. Ойыншылар екі түсті доптармен ойнайды. Әр ойыншыда 6 доптан. Жеребе арқылы кімге қызыл түсі түссе, сол ойыншы мына джекті яғни ақ түсті негізгі допты ортаға тастайды. Артынша өзінің қызыл түсті добын мына ақ түсіне мейлінше жақындатып лақтырады. Қарсы тарап көк түсті добымен қызыл допты ығыстырып, ақ түсті допқа жақындатудың амалын іздейді. Ойын соңында кімнің доптары ақ допқа жақын орналасса, сол жеңімпаз атанады. Дәл қазіргі сәтте қызыл доптың иесі жеңімпаз атанды.
Тамыздың 20-да басталатын халықаралық дода 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Паралимпиада ойындарына іріктеу іспетті. Тағы рейтингтік ұпайлар жинауға мүмкіндік береді. Айта кеткен жөн, бочча спорты елімізде 2018 жылы тірек-қимыл жүйесі бұзылған балалардың ата-аналары ұйымдастырған секция ретінде пайда болды. Ал 2021 жылы Қазақстан бочча федерациясы құрылды.
Мирлан Алтынбек, Диас Қовланбаев, 24KZ
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #бочча #құрама
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz