Бүгін «Қайраттың» қарсыластары анықталады.
УЕФА чемпиондар лигасының жеребе тарту рәсімі Монако қаласында болады. Нәтижесінде «Қайрат» 8 командамен кездесуі керек. Яғни төрт матчты өз алаңында өткізсе, төртеуі сырт алаңда болады.
Арман Мыса әлем чемпионатыда жүлдеге ілікті. Болгарияның София қаласында дзюдодан жасөспірімдер арасындағы дүниежүзілік дода басталды. Жарыстың алғашқы күні қоржынымызға қола медаль түсті. Оны 50 келіде өнер көрсеткен Арман Мыса жеңіп алды. Ол іріктеу кезеңдерін сәтті өткізіп, тайпейлік, америкалық және әзірбайжандық қарсыластарынан басым түсті. Тек жартылай финалда өзбекстандық Хуснуд Султановқа есе жіберді. Ал қола жүлде үшін күресте венгриялық Милан Сабоны ұтты. Әлем чемпионаты әлі де жалғасып жатыр және және қазақстандық қыз-жігіттер жеңіс жолын жалғастырады деп үміттенеміз. Байрақты бәсекеге бас-аяғы 20 спортшымыз аттанды. Оның 10-ы ұлдар арасында, 10-ы қыздар арасында бақ сынайды. София қаласындағы әлем чемпионатының жалпы қорытындысы 1 қыркүйекте белгілі болады.
Елена Рыбакина үшінші айналымға шықты
Рыбакина үшінші айналымға шықты. Нью-Йорк қаласында теннисттен жылдың басты бәсекелерінің бірі АҚШ-тың ашық чемпионаты басталды. Оған төрт бірдей қазақстандық спортшы қатысып жатыр. Араларынан Елена Рыбакина үшінші айналымға шығып үлгерді. Ол бүгін чехиялық Тереза Валентованы жеңді. Айта кету керек, Елена әлемдік рейтингте 10-шы, ал Тереза 96-шы тұр. Сондықтан кездесу жерлесіміздің айқын басымдығымен өтті. Қорытынды есеп: 6:3, 7:6. Енді Елена келесі кезеңде британиялық Эмма Радуканумен жолығады. Кейінгісі әлемдік тізімде 36-шы тұр. Ал қалған қазақстандық теннисшілер, яғни Александр Бублик, Анна Данилина және Юлия Путинцева біәрер сағаттан кейін кордқа шығып, екінші айналымдағы кездесулерін өткізеді. Нью-Йорк қаласында әлемдік аламан 7 қыркүйекке дейін жалғасады.
Әлем чемпионаты Қазақстанда өтеді
Әлем чемпионаты Қазақстанда өтеді. Мергендердің дүниежүзілік сайысын біздің ел ұйымдастыратын болды. Бұл жөнінде Қазақстан спорттық ату федерациясы баспасөз қызметінің басшысы Мәлика Жалилова мәлімдеді. Қазір Шымкент қаласында осы спорт түрі бойынша Азия чемпионаты өтіп жатыр. Оған 27 елден 800-ге жуық қатысушы келген. Құрлықтық дода қарсаңында Шымкент төріндегі ату алаңы жаңа нысандармен толықты. 50 сотық жерде жабық спорт кешендері және ашық аспан астындағы нысана көздеу алаңдары салынды. Бұған қоса, стенд атуға арналған бірнеше орын қарастырылған. Мұндағы инфрақұрлым және жарысты ұйымдастыру деңгейі халықаралық федерация басшылары мен өкілдерінің көңіліне шығып, алда Әлем чемпионатын біздің елде өткізу жөнінде шешім қабылдады.
Мәлика Жалилова, Қазақстан спорттық ату федерациясы баспасөз қызметінің басшысы:
- Халықаралық ату федерациясы 2028 жылға дейін Қазақстанға Азия чемпионаты, Әлем чемпионаты және Әлем кубогын береміз деген бұйрықты қабылдап қойды. Бірақ қазіргі таңда қай қалаларда өтетінін айта алмаймын. Өйткені келесі жылы Әлем кубогы немесе Әлем чемпионатын береді. Біз қазір өзіміздің мамандарымызбен соны талқылап жатырмыз. Алматы немесе Шымкент қаласында өтеді.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #спорт #Қайрат #футболPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz