Алматыдағы Орталық стадионның дикторы Бүркіт Бекмағанбетовты білмейтін жан жоқ.
Футболсүйер қауым оның дауысын жазбай таниды. Ол 37 жылдан бері «Қайрат» командасының барлық ойынын жүргізіп келеді. Тәжірибелі маман алдағы дүбірлі додаға дайындық үстінде.
Бүркіт Бекмағанбетовтың дикторлық тәжірибесі 56-ға жылға жуық. Оның 37 жылы Орталық стадионның шағын студиясына тиесілі. Ол бүгінге дейін «Қайрат» командасының барлық матчтарын жүргізіп келеді. «Әлі күнге әр ойынға тыңғылықты дайындаламын», дейді өзі. «Қайраттың» адал жанкүйері енді Мадридтің Реалымен кездесуге даусын баптап, сөзін саптап, дайын жүр.
- Намысыңды қайрап, жеңіске жет «Қайрат» дейміз.
Бүркіт Бекмағанбетов, орталық стадионның дикторы:
- Қайратқа доп соққанда мен мүдіріп қаламын, Қайрат командасына доп соққан .... содан мен өзімнен өзім ұяламын, мынау не осы деп. Ал Қайрат доп соқса оны аңыратасың ғой. Ал басқа біреулер Қайратқа соқса кібіртіктеп, осы зорға сөйлеп, мұрнымның астынан сөйлеп, біртүрлі мазам кетіп қалады. Халықаралық деңгейдегі матчтардың бәрін мен жүргіздім. Жүргізіп келе жатырмын әзірге. Енді «Реалға» да барамын.
Баритон дауысты диктордың радиодан айтылған осы тіркесі көптің есінде. Петропавл қаласындағы музыкалық училищеде оқып жүріп, 1969 жылы дикторлыққа аяқ басқан Бүркіт аға ұстазы Бәткен Сұлтанованың мектебінен өтеді. Алғашқы түскен ортам, өмірімнің іргетасын қалап берді, дейді тәжірибелі маман.
Бүркіт Бекмағанбетов, орталық стадионның дикторы:
- Ол кезде мысалы үшін былай, былай бұрылуға болмайды. Қолмен сермеп сөйлеуге болмайды. Мұрын тартуға болмайды, сондай қатып қалған кезеңдер болды. Осылай отырасың, камераның қызыл көзіне қарап қана отырасың. Ешқандай оңға солға бұрылуға болмайтын замандар болды.
Бүркіт аға әйгілі Әнуарбек Байжанбаевтың көзін көріп, Аманжан Серіков, Суық Жақанова сияқты дикторлармен үзеңгілес еңбек етті. Ресми хабарларды оқып, парадтарды жүргізді. Дикторлық Бүркіт ағаның бір қыры болса, ақындығы мен сазгерлігі екінші қыры. Көпшілік халық әні деп жүрген «Сал дәурен» әні Бүркіт ағаның төл туындысы.
Біз түсірілім жасаған күні Қазақстан премьер-лигасының кейінге шегерілген сегізінші туры өтіп жатты. «Қайрат» пен «Жеңіс» футбол клубы арасындағы ойынның 11-минутында Бүркіт ағаның көпшілік күткен дауысы естілді.
- Доп соққан «Қайрат» командасының 9-номерлі ойыншысы Дастааааан Сәтбааааеееев...
Дәл осындай қуанышты дауысты 30 қыркүйекте де естісек екен деп, іштей тілеп қайттық.
Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев
Тегтер #Қайрат ФК #Реал Мадрид #24KZ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz