«Қайрат» Чемпиондар лигасында ойнауға толық лайық екенін дәлелдеді. Біз мұны Алматыға келгенде анық көрдік. Мадридтік «Реалдың» бас бапкері жергілікті клубты жоғары бағалады.
Еске сала кетейік, кеше УЕФА чемпиондар лигасы негізгі кезеңінің 2-турында алматылық ұжым азулы «Реалға» есе жіберді.
Әлішер Әли, тілші:
- Орталық стадиондағы тарихи матч алаң иелерінің шабуылымен басталды. Әп дегеннен «Қайрат» ойыншылары қонақтарға сес көрсетіп, Куртуаның қақпасын торуылдаумен болды. Алайда Хаби Алонсо баптайтын аяқдопшылар қарап қалмады. Орайы келгенде шабуылға шығып, Қалмырзаның қақпасын тексеріп көрді. «Қайрат» ойынның 25-минутына дейін сыр алдырмады. Тек кездесудің 25-минутында пенальти белгіленіп, он бір метрден оныншы нөмірдегі Мбаппе гол соқты.
Рафаэль Уразбахтин, «Қайрат» клубының бас бапкері:
- Біздің құрамның құны – 12 миллион еуро, ал «Реал Мадрид» командасы – 1,4 миллиард еуро. Олардың бір ойыншысы бүкіл лигамыздың құнымен бірдей. Біз қай жерде тұрғанымызды түсінеміз. Иә, жеңілу көңіл көншітпейді, бірақ біз Мбаппеге қалай төтеп береміз?! Дегенмен, «Реал» сияқты клубтармен бәсекелестік арқылы біз тек ойынымызды жақсарта аламыз. Біздің футболшалар үздік қарсыластармен ойнағанның пайдасын көреді. Біз осындай жеңілістер арқылы күшейеміз
Иә, Мбаппенің бірінші голы саңлақтарымыздың сағын сындырмады. Бірінші таймның қалған уақытында таблодағы есеп өзгеріссіз қалды. Үзілістен кейін жігіттер жасыл алаңға жігерленіп шықты. Алайда 26 жастағы франциялық Мбаппе 52-минутта дубль авторы атанды.
Дамир Қасаболат, «Қайрат» клубының ойыншысы:
- Ойын басынан бастап өте қиын болды. Олар да, біз де қысым көрсетуге тырыстық. 2:0 болған кезде деп ойлаймын. Өйткені балалар да шаршап қалды біздің.
«Қайраттықтардың» шаршағанын көрермен де байқады. Винисиус, Гюлер сынды желаяқтар қос қапталдан шабуылды үдете түсті. Ойынның 74-минутында Мбаппенің тағы бір соққысы Қалмырзаны қапы қалдырды. Қонақтар мұнымен тоқтап қалмады. Кезекті шабуылдарының бірін Камавинга голға айналдырды. Франциялық ойыншы 83-минутта кездесудегі төртінші голды өз атына жазды. Ал, Браим Диас ойынның нүктесін қойды. 23 мыңға тарта жанкүйер жиналған ойында алаң иелері 0:5 есебімен қарсылас командаға жол берді.
Рафаэль Уразбахтин, «Қайрат» клубының бас бапкері:
- Бес минутта үш гол жіберіп алмағанымызға қазірдің өзінде қуаныштымын. Біз ұйымшыл болып көрінуге тырыстық, ұрымтал сәттер де болды. Қарсыластың жоғары деңгейде екенін айтудың өзі артық. Олар өте жылдам әрі мадридтік ойыншылардың техникалары жоғары. Біз ешқашан мұндай жылдамдықпен ойнаған емеспіз
Мадридтік «Реалдың» бас бапкері «Қайратты» жоғары бағалады. Хаби Алонсо ойыннан кейінгі брифингте алматылық клуб Чемпиондар лигасында лайықты ойнайтынын айтты.
Хаби Алонсо, «Реал Мадрид» клубының бас бапкері:
- Біз Чемпиондар лигасының ойыны алматылықтар үшін қаншалықты маңызды екенін көрдік. «Қайрат» кездесудің басында өте жақсы ойнады. Ал, біз керісінше, бұл алаңда өзімізді жайсыз сезіндік және алғашқы минуттарда командалық ойын көрсете алмадық. Бірақ пенальтиден кейін менің командам жақсы ойнай бастады. Жалпы мен «Қайрат» футболшыларының жанкештілігіне риза болдым.
Қайрат ойыншыларының жанкештілігіне футбол сарапшылары да разы болды. «Азулы «Реалды» көрген алматылық клуб енді өзге қарсыластарынан еш сескенбей ойнайды», - дейді.
Қанат Базылхан, футбол сарапшысы:
- Иә, чемпиондар лигасында алматылықтардың алты ойыны бар. 21 қазанда «Пафосты» қабылдайды. Кипрлық клубтың «Қайратпен» терезесі тең. «Реалдың» тегеурінін көрген саңлақтарымыз бұл ойында жанкүйерді жерге қаратпайды деген сенімдеміз.
Авторлары: Әлішер Әли, Өрден Жарқын
Тегтер #Реал #Қайрат #чемпиондар лигасы #UEFAPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz