Алматыда Олимпиада жүлдегері, қазақстандық мәнерлеп сырғанау шебері Денис Тенді еске алуға арналған VI Халықаралық турнир басталды, деп хабарлайды 24kz.
Мұз айдынында 18 елден 130-дан аса спортшы өнер көрсетеді. Мемориалды бәсекенің ашылуына аты аңызға айналған бапкерлер қатысты.
Олимпиаданың 10-нан аса чемпионын тәрбиелеген Татьяна Тарасова алғаш рет Алматыдағы еске алу турниріне қатысып отыр. Ол Денис Тенмен кәсіби тұрғыда біраз еңбек еткенін айтады. Жарыс басталар алдында әйгілі бапкер спортшының ескерткішіне гүл қойды. Енді алдағы уқытта ол қаладағы Мәнерлеп сырғанау академиясына да баруды жоспарлап отыр.
Татьяна Тарасова, Ресей Федерациясының Еңбек сіңірген бапкері:
- Ол маған бірден ұнады. Өйткені өзгеше еді. Айтқан тапсырманы бірден орындайтын. Өз ойын да ашық айтатын. Көз алдымда өсті. Мен оны әлі де бір сәтке есімнен шығарған емеспін, ерекше құрметтеймін.
Биылғы турнирге 18 елден 130 мәнерлеп сырғанаушы қатысып отыр. Қазақстан құрамасынан мұз айдынында Михаил Шайдоров, Софья Самоделкина және Диас Жиренбаев сынды мықтылар өнер көрсетпек. Жарыс бағдарламасына жекелей сырғанау, мұздағы би және жасөспірімдер сайыстары енген.
Оксана Тен, турнирді ұйымдастырушы:
- Бұл Денистің арманы еді. Ол Қазақстанда мәнерлеп сырғанаудың дамығанын қалады. Бүгінгі турнир сол арманын жүзеге асырып отыр. Жас спортшылар тәжірибе жинақтайды, шеберлігін шыңдайды.
Ел спортшылары үшін бұл турнир – алдағы ірі жарыстарға дайындықтың бастамасы. Айта кетейік, 2026 жылы Миланда өтетін қысқы Олимпиада ойындарына ел құрамасы жолдама алды.
Айза Мамбекова, ҚР Конькимен мәнерлеп сырғанаудан ұлттық құрама штабының басшысы:
- Дайындық жаз бойы болған. Софья Самоделкина Ирвайн қаласында. Яғни, Рафаэль Арутюнян деген өте танымал бапкердің қолында жатыққан. Және де Михаил Шайдоров Италияда кішкене дайындық жасаған. Көбінесе бізде Алматыда «Халық Арена» және «Алматы Арена» деген спорт кешендерінде тоқтатылмай дайындығы болған.
Турнир қазанның 4-інде өтетін «Арман – Олимпиадаға бастар жол» атты гала-шоумен тәмамдалады. Онда жеңімпаздар мен танымал спортшылар өнер көрсетеді. Ал Диас Жиренбаев Денис Тенге арнаған ерекше нөмірін ұсынбақ.
Авторлары: Алуа Ералықызы, Индира Унгарбаева, Радик Джакупов
Тегтер #Алматы #Денис Тен #еске алу турнирі #халықаралық турнирPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz