RU
Толық нұсқаға өту

Таеквондодан әлем чемпионаты басталды

24.10.2025, 13:50 429

Қытайда таеквондодан әлем чемпионаты басталды. Байрақты додаға жаһанның 183 елінен мыңға жуық спортшы қатысып жатыр. Онда Қазақстан атынан 16 отандасымыз өнер көрсетеді. 

Таеквондодан әлем мықтылары Қытайдың Уси қаласына жиналды. Бас аяғы мыңға жуық спортшы 16 салмақ дәрежесінде өзара мықтыларды анықтап жатыр. Оның 8-і ерлер, қалғаны әйелдер арасында өтуде. 

Әзиза Қаражанова, таеквондодан ұлттық құрама мүшесі:

- Мен Қазақстан атынан 53 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін боламын. Әрине әлем чемпионаты болғаннан кейін мықтылардың барлығы жиналады. Алайда біз де осал емеспіз. Жақсы дайындықпен келдік. Бұл жарыста тек өзімді жеңсем, яғни психологиялық жағынан өзімді дұрыстап дайындап барсам, ұтамыз деп ойлаймын. 

Әлем біріншілігі ұлттық құраманың бас бапкері үшін ең ауқымды жарыс. Есбол Сұлтанов баптайтын таеквондошылар осыған дейін екі бірдей халықаралық гранпри жарысы мен универсиада ойындарына қатысып, 13 медаль жеңіп алды. Сәйкесінше, сол спортшылардың жүлде алу мүмкіндігі де жоғары. Әсіресе Батырғали Төлеуғалиға үлкен үміт артылады. 

Есбол Сұлтанов, таеквондодан ұлттық құраманың бас бапкері:

- Жалпы команданың дайындығы жақсы. Команданың 70-80 пайызы 20-21 жастағы спортшылардан құралған. Жас болса да биыл әжептәуір деңгейге көтерілді. Бөліп айту қиын. Әр салмақта 70-90 спортшыдан бар. Сондықтан барлығы жақсы өнер көрсетеді деп ойлаймыз.     

Әзірге жарысты 2-ші айналымнан бастаған Бейбарыс Қабылан 87 келіден жоғары салмақта хорватиялық қарсыласын ұтып, 3-ші кезеңге жолдама алды. Ал бұрымдылардан 57 келідегі Мария Совестьянова Габон өкілінен айласы асырды. Әлем чемпионаты 30 қазанға дейін жалғасады.

Авторы: Мерей Қанапия

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz