RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстан қоржыны медальдармен толды

13.11.2025, 16:50 310

Сауд Арабия астанасы Эр-Риядта өтіп жатқан алтыншы Ислам ынтымақтастығы ойындарында ел қоржыны тағы бірнеше жүлдемен толықты. 

Жарыстың бесінші күнінде 100 метрге баттерфляй әдісімен суға жүзуден сынға түскен Софья Сподаренко қарсыластарын түгел қапы қалдырып, алтыннан алқа тағынса, Әділбек Мусин, Ғалымжан Балабек, Айбат Мырзамұратов және Глеб Ковалена жұбы 400 метрлік эстафетада күмісті қанжығалады. Бұл сында бірінші орын түркиялық спортшыларға бұйырса, қола жүлде өзбекстандық жүзушілер еншісіне тиді. Сөйтіп отандық аква құрама ислам ойындарында ұзын саны 11 медальге қол жеткізді. Оның үшеуі – алтын. Жалпы командалық есепте бұл - екінші деңгейлі көрсеткіш.

Әділбек Мусин, суға жүзуден Ислам ынтымақтастығы ойындарының жеңімпазы:

- Қуанышты сезіп, жақсы эмоцияға толып, соңғы күні эстафетада алтынға ие боламыз деп үміттеніп, барымызды салдық. Алайда бүгін күміске баймыз. Аллаға шүкір. Медальдің аты медаль. Эмоция деген керемет. Сөзбен айтып жеткізе алмаймын.

Софья Сподаренко, суға жүзуден Ислам ынтымақтастығы ойындарының жеңімпазы:

- 50 және 100 метрге баттерфляй әдісімен жүзу сайыстарында қос алтын медальді еншіледім. Екеуі де менің жақсы жүзетін негізгі екі қашықтықта бұйырды. Алдын ала күткенімдей, түркиялық спортшылармен бәсеке көрігін қыздырдық. Нәтижесінде мен дегеніме жеттім.

Қазақстандық каратэшілер де елге жүлдесіз қайтпайтын болды. Бар болғаны төрт отандасымыз қатысқан бәсекеде бір алтын және екі қола олжамызға айналды. Никита Тарнакин жеңімпаз атанса, Жоламан Биғабыл мен Даяна Даренская жүлдегерлер қатарына қосылды. Сондай-ақ бұл күні зілтемір көтеруші Любовь Ковальчук Ислам ойындарының үш бірдей күмісін қоржынға салды.

Дархан Асаділов, каратэден Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы:

- Төрт жылда бір болатын жарысымыз. Спортшыларымыз жақсы дайындықта келді. Барлығы алдағы әлем чемпионатына дайындалып жатқан ұл-қыздарымыз. Жалпы ойдағыдай шықты. Кейбірі сенімділіктің болмауынан, қателіктердің кесірінен ұтылып қалды. Сол спортшыларымыз енді алдағы әлем чемпионатында өнерін мықты көрсетсе, керемет болады.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz