Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядта 14 күнге созылған алтыншы Ислам ынтымақтастығы ойындары аяқталды.
Ел намысын қорғаған спортшылар 15 алтын, 20 күміс және 21 қола еншіледі. Енді төрт жылдан кейін Ислам ойындарын Малазия қабылдайды. Жарыстың соңғы күнінде джиу-джитсу шебері Жігер Алматай ойындар чемпионы атанса, оның командаластары Жібек Құлымбетова және Мансұр Хабибулла күміс пен қолаға қол созды. Сондай-ақ еркін күрес балуандарының арасында Ризабек Айтмұхан ойындардың күміс жүлдесін иемденді. Ол алдымен мысырлық қарсыласын ұтқан. Артынша Париж Олимпиадасының жүлдегері әзірбайжандық Магомедхан Магомедовпен белдесіп, оны айқын басымдықпен жеңді. Кейін жартылай финалда осы салмақтың үздігі олимпиада жеңімпазы бахрейіндік Ахмед Тажудиновтың осал жерін тапты. Дегенмен финалда әлем чемпионы ирандық балуаннан есе жіберді. Сонымен қатар гандболдан Қазақстан әйелдер құрамасы исламиада нәтижесінде күміс медальға ие болды.
Ризабек Айтмұхан, VI Ислам ынтымақтастығы ойындарының күміс жүлдегері:
- «Күміс қолда, алтын жолда», - дегендей. Бүгін алтын алғым келеді. Бірақ қарсыластар оңай болмады. Кіл олимпиада чемпиондары мен жұлдегерлері. Жақсы белдесулер өткіздім. Осындай жетістікке қуаныштымын. Бірақ әрине, алтын алғым келді.
Серік Жарасбаев, ҚР Туризм және спорт министрінің орынбасары:
- Таяу Шығыстың жарысы деп айтуға болады. Ислам ойындары болғаннан кейін ерекше көңіл бөліп жатады. Бірақ мақсатымыз басқаша болды. Өзіңіз білесіз, бізде 4 жылда бір рет өтетін Азия ойындары, олимпиада ойындары алдында іріктеу жарыс болады. Ол жерге құрама толықтай дайындалып жатыр. Олар келесі жылы Аичи-Нагоя деген жапон қаласында өтейін деп жатыр. Сондықтан барлық күш сол жерге жіберілетін болады.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #спорт #Қазақстан #жүлдеPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz