RU
Толық нұсқаға өту

VI Ислам ынтымақтастығы ойындары: Қазақстан 56 медаль жеңіп алды

23.11.2025, 10:23 528

Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядта 14 күнге созылған алтыншы Ислам ынтымақтастығы ойындары аяқталды. Ел намысын қорғаған спортшылар 15 алтын, 20 күміс және 21 қола еншіледі. Енді төрт жылдан кейін Ислам ойындарын Малазия қабылдайды.

Жарыстың соңғы күнінде джиу-джитсу шебері Жігер Алматай ойындар чемпионы атанса, оның командаластары Жібек Құлымбетова және Мансұр Хабибулла күміс пен қолаға қол созды. Сондай-ақ еркін күрес балуандарының арасында Ризабек Айтмұхан ойындардың күміс жүлдесін иемденді. Ол алдымен мысырлық қарсыласын ұтқан. 

Артынша Париж Олимпиадасының жүлдегері әзірбайжандық Магомедхан Магомедовпен белдесіп, оны айқын басымдықпен жеңді. Кейін жартылай финалда осы салмақтың үздігі олимпиада жеңімпазы бахрейіндік  Ахмед Тажудиновтың осал жерін тапты. Дегенмен финалда әлем чемпионы ирандық балуаннан есе жіберді. Сонымен қатар гандболдан Қазақстан әйелдер құрамасы исламиада нәтижесінде күміс медальға ие болды.

Ризабек Айтмұхан, VI Ислам ынтымақтастығы ойындарының күміс жүлдегері:

- Бүгін алтын алғым келеді. Бірақ қарсыластар оңай болмады. Кілең олимпиада чемпиондары мен жұлдегерлері. Жақсы белдесулер өткіздім. Осындай жетістікке қуаныштымын. Алайда әрине алтын алғым келді.

Серік Жарасбаев, ҚР Туризм және спорт министрінің орынбасары:

- Таяу шығыстың жарысы деп айтуға болады. Ислам ойындары болғаннан кейін ол жерде ерекше көңіл бөліп жатады. Алайда бізде негізі мақсатымыз кішкене басқаша болды да. Өзіңіз білесіз, төрт жылда бір рет өтетін Азия ойындары олимпиада ойындары алдында біз үшін іріктеу жарыс деп айтуға болады. Ол жерге енді біздің құрама толықтай дайындалып жатыр. Олар келесі жылы Аичи-Нагоя деген жапон қаласында өткізілейін деп жатыр. Сондықтан барлық күш сол жерге жіберілетін болады.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz