Түркістан облысында баскетболдан «Халық лигасына» қатысушы команданың қатары толығып келеді. Республикалық чемпионат алында ұлдар мен қыздар құрамасы өзара шеберлік шыңдап, кіл мықтыны анықтап жатыр. Сала мамандарының айтуынша, бәсекелестік күшейген сайын ойыншылардың шеберлігі де артып, спортқа деген қызығушылық еселене түскен.
Мұстафа Әбдірахманов төрт жылдан бері баскетболмен кәсіби деңгейде шұғылданып келеді. Барын салып, құмарлана ойнайды. Команда капитаны ретінде қатарластарын жігерлендіріп, жеңіске жетелейді. Осылайша аймақтық турнирлерде талай үздік атанған.
Мұстафа Әбдірахманов, Төле би аудандық отбасы үлгісіндегі балалар ауылының тәрбиеленушісі:
- Қазақстан чемпионатына барып ойнаймыз. Астана, Алматыда болатын жарыстарға қатысамыз. Баскетболды таңдағаныма ешқашан өкінбеймін. Себебі бұл адамның жылдамдығын арттыратын ойын деп білемін.
Салауатты өмір салтын ұстанған жастар баскетбол арқылы бос уақытын тиімді өткізіп, болашаққа сеніммен қарай бастады. Бүгінде Төле би аудандық қолдау орталығының бұл тәрбиеленушілері «Халық лигасының» тұрақты қатысушысына айналған. Ұлдар мен қыздар құрамасының қатары жыл санап толығып келеді.
Эльнара Шәріпжанова, Төле би аудандық отбасы үлгісіндегі балалар ауылының тәрбиеленушісі:
- Команда әр күн сайын толығып жатыр десем де болады. Мысалы адамдар бізге қарап баскетболға қызыға бастайды. Бұл жақта мен ғана емес менің інім де маған қарап баскетболға қатысып жатыр. Екеуміздің де ойымыз бар болашақта кәсіби баскетбол ойнауға.
«Халық лигасы» әлеуметтік жобасының қатысушылары спорттық киімдер мен жаттығуға қажетті жарақтармен қамтамасыз етілген. Оларға кәсіби жаттықтырушы бекітіліп, Halyk Bank пен Ұлттық федерация тарапынан қолдау көрсетіледі.
Сәкен Шатырбеков, баскетбол жаттықтырушысы:
- Халық лигасы – балаларға өте үлкен демеу. Көзқарастары өзгеріп, спортқа деген құштарлығы ашылып жатыр. Балаларымыз осы демеушіліктің арқасында жақсы алаңдарда ойын көрсетіп жатыр.
Жоба авторларының айтуынша, «Халық лигасы» жеңімпаздарының арасынан спорт шеберлері мен талай жаттықтырушы шыққан. «Сондықтан әлеуметтік жоба – жастарды үлкен өмірге бастайтын алғашқы қадам», – дейді олар.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов
Тегтер #Түркістан облысы #баскетбол #БәсекелестікPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz