RU
Толық нұсқаға өту

Оралда инклюзивті спорт кешені ашылды

17.12.2025, 08:35 391

Орал қаласында инклюзивті спорт кешені ашылды. Бұл өңірдегі ерекше қажеттілігі бар жандарға арналып салынған алғашқы нысан.

Онда қазірдің өзінде 250 адам жаттығады. Орталықта пауэрлифтинг, үстел теннисі, волейбол және  жекпе-жек өнері секілді спорттың бірнеше түрімен айналысуға жағдай жасалған.

Сандуғаш Баймұқанова 17 жыл бұрын арбаға таңылған. Өмір сүруге деген құлшынысымды арттырып, күйзелісті жеңуге спорт көмектесті дейді. Жаны нәзік ару 13 жылдан бері пауэрлифтингпен шұғылданады. Осыған дейін спорт шебері атағын абыроймен қорғаған ол жаңа кешен көрсеткішті одан әрі арттыруға сеп болатынын айтады.

Сандуғаш Баймұқанова, Пауэрлифтингтен спорт шебері:

- Ең бірінші кезде Ақжайық залында жаттықтық. Спорт клуб болмаған кезде. Одан кейін Назарбаевадағы спорт клубта болдық. Екі жақта жүрдік. Биыл ашылып жатыр. Өте қуаныштымыз. Көптеген спортшылар келіп, өз орындарын тауып, қатысып жатқандарына. Әлі де көбейе берсін.

Спорт кешені кең әрі заманауи. Толықтай ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған жабдықтар қойылған. Жаттығу залынан бөлек ойын алаңдары бар. Қазірдің өзінде орталықта 250 спортшы жаттығады. Оларға 20-дан астам тәжірибелі бапкер тәлім береді.

Ілияс Жалмұхамбетов, Парапауэрлифтингтен спорт шебері:

- Жаңа залда жаттығып жүрміз. Өте жақсы! Қажеттінің бәрі бар. Жалпы спорттың бұл түрімен 2,5 жылдан бері айналысамын. Аптасына үш рет екі сағаттан жаттығамын. Нәтиже жаман емес. Көңіл-күйім көтеріліп, физикалық деңгейім артып келеді.

Қайырбек Үндағанов, Спорт кешенінің директоры:

- Біздің мектебімізде 20 спорт түрі қамтылған. Барлық жағдай жасалған. Бұрын залымызды жалға алатын едік. Енді қазір өзіміз осы жерде жарысымызды өткізіп, тек қана мүкіндігі шектеулі жандарға арналған зал. Екі газель автомашинасы бар. Жандарды тасып тұрды. Қазір ондай қиыншылық туған жоқ. Тек осында алып келеді. 

Өңірде спорттық инфрақұрылым белсенді дамып келеді. Соңғы үш жылда 15 жаңа нысан салынды.

Асланбек Бәуен, Дене шынықтыру және спорт басқармасының бас маманы:

- 2023 жылдан бастап салынған спорт кешендерінің көбінде мүмкіндігі шектеулі жандарға кіріп-шығуға толық мүмкіндік жасалған. Бүгінгі таңда облыста спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар халық санының 42,4 пайызды құрайды. Оның ішінде 2703 мүмкіндігі шектеулі адам дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде айналысады.

Келер жылы Ақжайық ауданында тағы 2 спорт кешені ашылады. Бұдан бөлек Орал қаласында жаңадан теннис орталығы салынып жатыр.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Альбина Кумаргалиева, Калыбек Акрап, Эльдар Аюпов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz