Қазір қазақстандық спортшылар лицензиялық жарыстарға қатысып, алдағы ойындардың жолдамасына таласып жатыр.
Ал осындай мүмкіндікке ие болғандар кешенді дайындыққа кірісті.
Қысқы Олимпиада ойындарына дайындық
Қысқы олимпиадаға кемі 35 спортшымыз қатысады. Бұл жөнінде спортқа жауапты министрлік жанындағы қоғамдық кеңесте айтылды. Қазірдің өзінде Миланда өтетін олимпиадаға ұлттық құрама өкілдері 23 лицензия жеңіп алды. Оның ішінде 12-сі конькимен жүгірушілерге, тоғызы шорт-трек шеберлеріне және екеуі мәнерлеп сырғанаушыларға тиесілі. Лицензиялық жарыстар әлі де жалғасып жатыр. Оның қорытындысы бойынша, қазақстандық қыз-жігіттер 10 спорт түрінен бақ сынайды. Ал олимпиадаға қатысатын спортшылардың жалпы саны 35-тен асуы керек. Бұған қоса, жиын барысында спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Есембаев дәл осы жарыстар мен жаттығуларға жұмсалған қаржы жайында айтты. Оның көлемі 13 млрд 200 млн теңгені құрайды.
ЦИТАТА: Нұрлан Есембаев, спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары:
- Қысқы Олимпиада ойындарына сапалы дайындықты қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылы бөлінген қаржының жалпы көлемі 13,2 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде федерациялар есебінен – 585 млн теңге, республикалық бюджеттен – 5,3 млрд теңге, жергілікті бюджеттен – 6,2 млрд теңге, оған қоса туризм және спорт индустриясын қолдау қорынан 812,5 млн теңге қаралды.
Жиын барысында аймақтардағы қысқы спорттардың даму жайы да сөз болды. Мәселен, алдағы олимпиадаға Астана мен Алматы қалаларынан және Қостанай, Павлодар, Ақмола облыстарынан ең көп қатысушы тіркелді. Бұған қоса, Нұрлан Есембаев қысқы ойындардың ашылу салтанатында көк туымызды ұстап шығатын спортшылардың есімін жариялады. Бұндай құрмет шорт-тректен ұлттық құрама өкілдері Денис Никиша мен Яна Ханға бұйырды.
Алау эстафетасы жалғасып жатыр
Айта кетейік, Қысқы олимпиаданың өзі ақпанның алтысы басталады және 16 күнге жалғасады. Байрақты бәсеке Италияның Милан және Кортина қалаларында өтеді. Оның барысында 116 медаль жиынтығы сарапқа салынады деген жоспар бар. Қазір кәрі құрлықта қызу дайындық жүріп жатыр. Әсіресе жарыс қожайындары дәстүр бойынша алау эстафетасын өткізуге кірісті. Кеше олимпиаданың символы Беневенто қаласынан шығып, Неапольдің шығысындағы Апеннин тауларында орналасқан Потенца қаласына келіп жетті. Бұл шараға танымал өнер және спорт жұлдыздары қатысып, кешке қарай үлкен концертке ұласты. Енді олимпиада алауы Таранто қаласын бетке алды. Италиядағы қысқы олимпиадаға 93 елден 3500 спортшы қатысуға тиіс.
Дзюдодан әлемдік аламанға дайындық
Әбиба бастаған дзюдошылар Париж гранд-слеміне қатысады. Жапон жекпе-жегінің шеберлері 2026 жылға жоспарды бекітті. Ұлттық құрама өкілдері үшін ең алғашқы жарыс ақпан айында Франция астанасындаөтетін әлемдік алман болмақ. Оған 8 спортшымыз аттанады. Оның ішінде әйелдер арасында жалғыз жеңіл салмақтағы Әбиба Әбужақынова бар. Ерлер арасында, Шерзод Давлатов, Ғұсман Қырғызбаев, Бауыржан Нарбаев, Абылайхан Жұбаназар, Айдар Арапов, Нұрлыхан Шархан және Марат Байқамұров бақ сынайды. Бұл тізімде, өкінішке орай, олимпиада чемпионы Елдос Сметов жоқ. Оның дайындыққа кіріскені туралы ақпарат тарады. Ал жарыстарға қашан араласатыны әзірге белгісіз.
Ғалымжан Кенжебек, «Ахматқа» ауысады
10-15 миллион теңге көлемінде. Қазақстандық Ғалымжан Кежебек «Ахмат» клубында осынша айлық алады. Бұл жөнінде аладоп.кз сайты жариялады. Түсіндіре кетейін, ұлттық құраманың мүшесі әрі «Елімай» клубының өкілі Ғалымжан Кенжебек Ресейдің «Ахмат» клубына ауысатыны туралы ақпарат шықты. Тараптар арасындағы ресми келісім алдағы жылдың басында жасалмақ. Белгілі болғандай, Ғалымжан ол жақта салыстырамалы түрде қазіргіден 5 есе жоғары жалақы алады. Бұған қоса, келісімнің өзі 4 жылға есептеліп отыр. Айта кетейік, Ғалымжан негізі «Қайрат» клубының түлегі. Бұған дейін «Жеңіс», «Елімай» және «Кошице» командаларында доп тепкен. Сорңғы маусымда семейлік клуб сапында 11 ойынға қатысып, 16 гол соқты және 4 нәтижелі пасымен көзге түсті. Қазақстандық жартылай қорғаушының нарықтық бағасы қазір 600 мың еуроны құрайды.
Тегтер #қысқы Олимпиада ойындары #Қазақстан #спорт #24KZ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz