RU
Толық нұсқаға өту

Спортшыларымыз әлемдік рейтингте көтерілді  

06.01.2026, 09:51 298

XXV қысқы олимпиаданың басталуына тура отыз күн қалды. Ақпанның алтысы күні Италияның Милан және Кортина қалаларында көпшілік тағатсыздана күткен халықаралық дода басталады. Оған 93 мемлекеттен 3500 спортшы қатысады. Олардың арасында жерлестеріміз де бар. 

Қазақстандық қыз-жігіттер бүгінге дейін 23 лицензия жеңіп алды. Қысқы ойындарға дейін оның саны артатыны анық. Біздің тарап олимпиада ойындарына бас-аяғы 35 спортшы апарып, 10 спорт түрі бойынша бақ сынауды жоспарлап отыр. 

Қысқы олимпиада ойындарына дайындық

Шорт-трек шеберлерінен медаль күтеміз. Елімізге еңбек сіңірген жаттықтырушы Мәдіғали Қарсыбеков бізге берген эксклюзивті сұхбатында осындай мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, алдағы қысқы олимпиадада медаль алатын мүмкіндік бар. Мәселен, қысқа қашықтықта бақ сынайтын Денис Никиша мен Абзал Әжіғалиев осымен төртінші мәрте қысқы ойындарға қатысып жатыр. Бұған дейін жинаған тәжірибесінен бөлек, жігіттер жыл өткен сайын көрсеткіштерін жақсартып келеді. Мәселен, Денис екі мәрте әлем чемпионатында жүлдеге ілікті. Ал Абзал бірнеше мәрте әлем кубогында топ жарды. Бұған қоса, аралас жұптық сында да қазақ қыз-жігіттерінің нәтижесі жақсы. Сәйкесінше, медаль алу үшін барын да, жанын да салады дейді. Олардың жүйелі дайындығына мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған. Яғни жаттығу жиындары жоспар бойынша жүріп жатыр. Спортшылардың шеберлігін шыңдау үшін арнайы мамандар да алдырылған. Айта кетейік, шорт-тректен ұлттық құрама өкілдері алдағы олимпиадаға тоғыз лицензия жеңіп алды.

Мәдіғали Қарсыбеков, шорт-тректен ұлттық құраманың кеңесшісі:

- Қазір ұлттық құрама Астанада дайындықты пысқытап жатыр. Қаңтардың соңына қарай Голландияға аттанып, сол жерде тағы да шеберлік шыңдайды. Әсіресе уақыт пен климатқа үйреніседі. Олимпиада ойындарының бағдарламасы бойынша шорт-трек бәсекелері 10-шы ақпанда басталады.

Заңғар 12-ші орынға көтерілді. Халықаралық теннис федерациясы өткен жылды қорытындылап, жасөспірімдер арасындағы әлемдік рейтингті жаңартты. Оған сәйкес қазақстандық Заңғар Нұрланұлы 24-ші орыннан 12-ші орынға жоғарылады. Яғни алдыңғы ондыққа жақындай түсті. Бұған қоса, жерлестеріміз арасынан Дамир Жалғасбай 31-ші, ал Даниэль Тазабеков 52-сатыға жайғасты. Айта кету керек, Дамир бірден 29 сатыға, ал Даниэль 42 сатыға жоғарылады. Үш теннисшінің де жасы қазір 17-де және мамандар болашағынан зор үміт күтеді. Жоғарыда аттары аталған өрендер қаңтардың соңында жасөспірімдер арасындағы Аустралия ашық чемпионатында өнер көрсетеді. Яғни айтулы доданың негізгі кезеңінде бақ сынауға мүмкіндік алды. Заңғар онда, тіпті 8-ракетка ретінде тіркелген.

Ұлттық құраманың жаттығу жиыны басталды

Жыл басталмай жатып, жігіттер жаттығуға кірісті. Бокстан ұлттық құрама өкілдері Түркістан облысына жиналып, кешенді дайындық жүргізіп жатыр. Алда Азия чемпионаты және Азия ойындары бар. Бұған қоса, бірнеше халықаралық турнир күтіп тұр. Дәл осы әзірлік, әсіресе наурыз айында Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласында өтетін құрлықтық додаға бағытталған. Ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов бұл жолы 50 жігіттің басын қосты.Олар енді физикалық және фукционалдық мүмкіндіктерін арттырып, күштің көлемін жинақтауға және жүктеме базасын қалыптастыруға барын салады делінген Қазақстан бокс федерациясы таратқан хабарламада. Түркістан облысындағы жаттығу жиыны 20 күнге жалғасады және бұл кешенді дайындықтың бірінші кезеңі саналады. Алдағы уақытта арнайы жоспар бойынша жігіттер шеберлікті одан сайын шыңдай түседі.  

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz