Қоржынымызда бес медаль.
Оның екеуі алтын. Катар астанасы Доха қаласында стенд атудан Азия чемпионаты өтіп жатыр. Оған 17 елден 200-ге жуық қатысушы жиналды. Араларында ұлттық құрама өкілдері де бар. Байрақты бәсеке жерлестеріміз үшін сәтті басталды деуге болады. Алғашқы жарыс күндері әйелдер арасында скит сайысы ұйымдастырылып, қазақстандық Адель Садақбаева ең үздік нәтиже тіркеді. Яғни Азия чемпионы атанды. Артынша дәл осы Адель бастаған Қазақстан қыздар құрамасы командалық сында да топ жарды. Мұнда Адельмен бірге ел намысын Ольга Хайлова мен Әсем Орынбай қорғаған болатын. Бұған қоса біздің сұрмергендер 3 қола жеңіп алды. Атап айтқанда, Ольга Хайлова жекелей сында үздік үштікті түйіндеді. Аралас жұптық сында және ерлер арасындағы командалық сында да қазақ қыз-жігіттері жеңіс тұғырына көтерілді. Жүлдеге іліккен жерлестердің саны тағы да артуы мүмкін. Себебі Доха қаласындағы Азия чемпионаты 22 қаңтарға дейін жалғасады.
Шымкентте каратэден халықаралық турнир өтті
Үш елдің үздіктері Шымкентте бас қосты. Бұнда каратэден жастар мен жасөспірімдер арасындағы халықаралық турнир өтті. Ерекшелігі сол, биыл қатысушылар саны 900-ге жуықтады және бұл өзіндік рекорд боп саналады. Сонымен халықаралық турнир қатысушылары 4 жас санатында өзара мықтыны анықтады. Нәтижесінде жеңімпаздар мен жүлдегерлерге рейтингілік ұпайлар берілді. Яғни Шымкенттегі турнир рейтингілік жарыстар қатарына кірді. Қазақстан каратэ федерациясы бірер жыл болды осындай жүйені қолға алған болатын. Яғни Осы Шымкенттегі турнир бар және Қарағанды мен Оралда өтетін жарыстар бар, сонда жақсы өнер көрсетіп, рейтинглік ұпайлар жинап, тізімде көш басаған спортшыларды ұлттық құрамаға алып, құрлықтық және әлемдік бәсекелерге жіберуді жоспарлап отыр.
Асқар Молдағали, Қазақстан каратэ федерациясының бас хатшысы
Бақтияр Тоқсейітов, Шымкент құрамасының аға жаттықтырушысы
Қысқы Олимпиадаға 20 күн қалды
Олимпиадаға 20 күн қалды. Алдағы айда Италияның Милан және Кортина қалаларында жылдың басты бәсекесі қысқы олимпиада ойындары өтеді. Оған бас-аяғы 3 мыңға жуық спортшы қатысады. Араларында ұлттық құрама өкілдері де бар. Қазақстандық қыз-жігіттер бүгінге дейін 23 лицензия жеңіп алды. Оның ішінде 12-сі конькимен жүгірушілерге, 9-ы шорт-трек шеберлеріне және екеуі мәнерлеп сырғанаушыларға тиесілі. Ал жауапты министрлік олимпиадаға қатысатын спортшылардың жалпы санын 35-тен асыруды жоспарлап отыр. Нақты цифрлар бүгін белгілі болады. Өйткені барлық іріктеу жарыстары мәресіне жетіп, олимпиада жолдамалары мен квоталары толық таратылады. Мемлекет тарапынан спортшыларымзыдың сапалы дайындығы үшін 13 миллиард 300 миллион теңге бөлінді. Тағы бір айта кетерлігі, қысқы ойындарды біздің елде үш бірдей телеарна тікелей эфирде көрсетеді. Оның бірі «Хабар» телеарнасы. Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты 6 ақпан күні Милан төріндегі "Сан-Сиро" стадионында болады.
Тегтер #қысқы олимпиада #Азия чемпионаты #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz