Түркістанда балалар мен жасөспірімдер арасында шахматтан Қазақстан чемпионаты басталды.
Сайысқа 6 мен 18 жас аралығындағы мыңнан астам жас шахматшы қатысып жатыр. Олар 10 күн бойы классика, рапид және блиц форматтары бойынша бақ сынайды. Біріншілік қорытындысы бойынша халықаралық және әлемдік жарыстарда ел намысын қорғайтын ұлттық құраманың негізі ойыншылары жасақталады. Шахмат додасында ойын ұлдар мен қыздар арасында бөлек өтіп жатыр. Мамандар жасөспірімдер арасында шахматқа қызығушылық артып келе жатқанын айтады.
Айару Алтынбек, шахматтан 3 дүркін әлем чемпионы:
- Мен шахматты 7 жасымнан бастадым. Әкем үйде үйреткен. Қазақстан чемпионатында бәсекелестік өте жоғары. Осы жарыста орын алсаң, әлем біріншілігінде міндетті түрде орнын аласың. Қыздар өте мықты. Кім жақсы дайындалған және кімнің білімі мықты сол ұтады деп ойлаймын. Бәріне сәттілік тілеймін.
Гүлнар Дәулетова, ҚР Шахмат федерациясының атқарушы директоры:
- Бірінші орын алған балаларымызды әлем біріншілігіне, екінші орын алған балаларды Азия біріншілігіне жібереміз. Жарыстың жүлде қоры 15 млн теңге. Бізде өте керемет бағдарлама бар. Биыл 34 баланы елімізден жинап, оларға грант береміз. Алтын пакетте 40 млн теңгені бір балаға береміз. Күміс пакетте 20 млн теңге. Ол ақшаны балалар тек шахматтық дайындыққа, жарысқа баруға жұмсай алады.
Тегтер #Қазақстан #шахмат #чемпионат #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz