«Қайрат» «Брюггеден» жеңілді. Қазақстандық және бельгиялық команда УЕФА чемпиондар лигасы аясында Астанада кездескен болатын. Матч басынан қонақтар белсенді ойнап, айқын басымдықпен ұтты. Қорытынды есеп: 1:4.
Енді «Қайрат» 28-ші қаңтар күні сырт алаңда «Арсенал» клубымен жолығады. Отандық спортқа қатысты өзге жаңалықтармен әріптесім Аслан Қаженов таныстырады.
Біздің елден ең жас құрама барады. Бірер аптадан кейін Италияның Милан және Кортина қалаларында олимпиада алауы жағылады. Байрақты бәсекеге 93 елден 3500 спортшы қатысады. Оның ішінде 36 ұлттық құрама өкілі бар. Күні кеше дәл осы студияда әр бағыт бойынша ел намысын қорғайтын атлеттердің аттарын атадық. Жаңа ғана, яғни ең соңғы болып Қазақстан биатлон федерациясы өз үміткерлерінің тізімін жариялады. Оны бапкерлер құрамы ақылдаса отырып жасақтады. Сонымен биатлон бойынша олимпиадаға ерлер арасында Владислав Киреев пен Әсет Дүйсенов, әйелдер арасында Милана Генева мен Айша Рақышева қатысуға мүмкіндік алды. Владислав бұған дейін қысқы олимпиадада бақ сынаған. Яғни тәжірибесі бар. Басқа спортшыларымыздың да әлеуеті жақсы. Жалпы алғанда аталмыш жерлестерімізің орташа жасы 24-25 жасты құрайды. Бұл – биатлон тарихындағы ең жас құрамдардың бірі. Қазақстандық қыз-жігіттердің еншісінде 17 лицензия бар. Қазіргі таңда ұлттық құрама Чехияда Әлем кубогының кезекті кезеңіне қатысып жатыр. Дүниежүзілік дода аяқталған соң, тікелей Италияға аттанады. Еске сала кетейік, қысқы олимпиадада биатлон бойынша жарыстар 8 ақпан күні басталады.
Екінші тексеріс допинг барын растады
Жәнібек Әлімханұлының мәселесіне нүкте қойылды. Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясы президенті Рахымжан Ерденбековтың айтуынша, VADA ұйымынан 34 беттен тұратын қорытынды сараптама келген. Өкінішке қарай, ол жерде де, яғни «В» сынамасы да оң нәтиже көрсеткен. «Қазіргі таңда Жәнібекке қатысты мәселені реттеуді федерациямыз өз қолына алды. Өйткені ол – біздің лицензияланған боксшымыз. «Басты мәселе – ол тыйым салынған препаратты әдейі қабылдады ма, жоқ па? Оның ағзасына қалай түсті? Осы сұрақтардың жауабын табуымыз керек», - деді Рахымжан Ерденбеков. Қазір Жәнібек кәсіпқой бокстан уақытша шеттетілді. Яғни жекпе-жектерге қатыса алмайды. Ал чемпиондық белдіктеріне қатысты шешімді жақын арада IBF және WBO ұйымдары қабылдауы қажет. Еске сала кетейік, өткен жылдың желтоқсан айында қазақстандық боксшының қанынан мельдоний препараты анықталған болатын. Соның салдарынан кубалық Эрисланди Ларамен жекпе-жегі өтпей қалды.
Мейірім чемпиондық белдікке қашан таласады?
Мейірім чемпиондық белдікке таласу үшін бір жекпе-жек өткізуі керек. Бұл жөнінде Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының президенті Рахымжан Ерденбеков мәлімдеді.
«Бүкіләлімдік бокс кеңесінің соңғы конвенциясында Мейірім Нұрсұлтанов жағдайын көтердім. WBC президенті Маурисио Сулейманмен визалық мәселесін талқыладық. Қазір Нұрсұлтановтың басты қиындығы да осы. Яғни АҚШ-қа виза ала алмай отыр. WBC бұл мәселеде бізге көмектесуге уәде берді», - деді Рахымжан Ерденбеков. Сонымен қатар федерация басшысы чемпиондық жекпе-жекке дейін Мейірім Нұрсұлтанов бір дайындық кездесуін өткізуі тиіс екенін атап өтті. «Карлос Адамеспен өтетін чемпиондық айқасқа дейін Нұрсұлтанов тағы бір жекпе-жек өткізеді. Содан кейін ғана титулдық жекпе-жекке нақты дайындық басталады», - деп сөзін түйді. Айта кетейік, Мейірімнің шаршы алаңға шықпағанына екі жылдан асты. Ол соңғы рет 2023 жылдың қараша айында чилилік Холио Аламоспен кездесіп, төрешілер шешімімен жеңіске жеткен еді. Жалпы алғанда жерлесіміз кәсіпқой рингте 20 кездесу өткізіп, 20-сында да жеңіске жетті. Оның 11-ін уақытынан бұрын аяқтады.
Тегтер #қысқы Олимпиада ойындары #футбол #допингPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz