Жалпы есепте бірінші орындамыз.
Қатар астанасы Доха қаласында стенд атудан Азия чемпионаты аяқталды. Оның қорытындысы бойынша қазақстандық қыз-жігіттер 14 медаль жеңіп алды. Соның арқасында жалпы командалық есепте топ басына шықты. Екінші орында Қатар құрамасы болса, Кувейт елінің өкілдері үздік үштікті түйіндеді. Біздің сұрмергендер еншілеген 14 медальдің бесеуі алтын. Атап айтқанда, жарыстың алғашқы күндері стенд атудың скит бағытында жекелей сында Адель Садақбаева топ жарды. Ал командалық сында осы Адель Садақбаева, Ольга Хайлова мен Әсем Орынбай бар, үш спортшымыз ең үздік нәтиже тіркеп, жарыс жеңімпазы атанды. Стенд атудың трап бағытында да алтын жеңіп алдық. Бұнда да қазақ қыздары командалық сында алдына жан салмады. Ел намысын Эленора Ибрагимова, Анастасия Прилепина және Наргиза Сарманова қорғады. Кейін олардың жеңіс жолын жасөспірім ұлдар жалғады. Қазақстандық өрендер стенд атудың скит бағытында да, трап бағытында да командалық сында жеңіске жетті. Тағы бір айта кетерлігі, осы жарыс барысында қазақстандық қыз-жігіттер Азия және Әлем рекордттарын жаңартты. Әсіресе Едуард Ещенко, Адель Садақбаева және Элеонора Ибрагимова ерекше қабілетімен көзге түсіп, ең жоғары көрсеткішке қол жеткізді.
Қарағандыға бокс кешені қажет
Қарағандыға бокс базасы қажет. Небір әлем және олимпиада чемпиондары шығып жатқан кеншілер қаласында әлі күнге дейін арнайы жаттығу алаңы жоқ. Жергілікті боксшылар қалада орналасқан облыстық спорттық мектеп-интернат-колледж залына барып, сол жердегі оқушылармен бірге дайындалуға мәжбүр. Оның ішінде кейінгі әлем чемпионаттарында топ жарған Абылайхан Жүсіпов, Сабыржан Аққалықов, Аида Әбікеева сияқты былғары қолғап шеберлері бар. Осы тұрғыда сала мамандары аймаққа арнайы бокс клубы не бокс мектебінің қажеттілігі жайында айтады. "Осы арқылы өңір спортының дамуына тың серпін беріліп, болашақ чемпиондарды дайындауға жағдай жасалар еді" дейді білікті бапкер Елдос Сайлалин.
Елдос Сайдалин, бокстан әйелдер құрамасының бас бапкері
«Барыс» пен «ЦСКА» кездеседі
«Барыс» сенсациялық жеңісін қайталауы қажет. Бүгін Құрлықтық хоккей лигасы аясында астаналық «Барыс» және мәскеулік «ЦСКА» кездеседі. Матч сырт алаңда, яғни, Ресей астанасында өтеді. Қос команда тура бір апта бұрын елордада жолығып, Михаил Кравец баптайтын жігіттер 3:1 есебімен басым түскен болатын. Қазақстандық клуб осы жеңістің арқасында турнир тізіміндегі жағдайды жақсартты. Бұған қоса, сәтсіздіктер сериясын үзді. Яғни оған дейін «Барыс» қатарынан бес рет жеңілген еді. Енді бүгін Мәскеу төрінде «Барыс» пен «ЦСКА» қарымта мачт өткізеді. Әрине алаң иелері фаворит саналады. Десе де, біздің жанкүйерлер «Барыс» жеңіс жолын жалғайды деген үмітте. Айта кетейік, астаналық клуб 49 ойында 39 ұпай жинап, Шығыс Конференциясының 10-сатысында тұр. Егер бүгін жеңіске жетсе, екі саты жоғарылайды. Матчтың өзі біздің уақытпен 21:30-да басталады және оны отандық телеарна тікелей эфирде көрсетеді.
Тегтер #Қазақстан #стенд ату #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz