Рыбакина үшінші айналымға шықты. Австралияда теннистен жылдың басты бәсекесі өтіп жатыр.
Жарыстың кезекті күні кордқа қазақстандық Елена Рыбакина шығып, франциялық Варвара Грачеваны айқын басымдықпен ұтты. Енді үшінші айналымда чехиялық Тереза Валентовамен кездеседі.
Скороходова – халықаралық жарыс жеңімпазы. Тура екі аптадан кейін Италияның Милан және Кортина қалаларында қысқы олимпиада ойындары өтеді. Аталмыш байрақты бәсекенің алдында әлемнің түкпір-түкпірінде әртүрлі деңгейдегі жарыстар ұйымдастырылып жатыр. Бұл спортшылардың дайындығын пысықтап, шеберлігін шыңдауға жақсы мүмкіндік. Сонымен солардың бірі - Италияның Поцца-ди-Фасса елді мекенінде өткен таушаңғысы бойынша халықаралық жарыс. Оның қорытындысы бойынша қазақстандық Александра Скороходова ең үздік нәтиже тіркеп, жеңімпаз атанды. Екінші орын испаниялық, үшінші орын америкалық спортшыларға бұйырды. Еске сала кетейік, Александра олимпиада ойындарына жолдама жеңіп алды және отандық мамандар одан үлкен үміт күтіп отыр.
Ал Самоделкина алдыңғы ондықта. Қытайдың Бейжің қаласынд мәнерлеп сырғанау бойынша әлемдік аламан өтіп жатыр. Төрт құрлық чемпионаты деп аталатын жарысқа ең үздік спортшылар жиналды. Жарыстың алғашқы күні қысқа бағдарлама бәсекелері өтті. Қазақстандық Софья Самоделкина сәтті өнер көрсетіп, 62,29 ұпай жинады. Бұл нәтиже жалпы есепте 9-орынға орналасуға мүмкіндік берді. Қытайдағы жарыс әлі жалғасып жатыр және 25 қаңтар күні еркін бағдарлама бойынша бәсекелер болады.Соның қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталады. Айта кетейік, Софья Самоделкина да Италияда өтетін қысқы олимпиада ойындарына жолдама алып қойды.
Ал биатлоншыларымзыдың жолы болмады. Дәл қазір Чехияның таулы аймақтарында әлем кубогы өтіп жатыр. Жарыстың кезекті күні 15 шақырымдық жекелей сындар өтті. Нәтижесінде қазақстандық Владислав Киреев 37-ші, Әсет Дүйсенов 70-ші, ал, Александр Мухин – 75-ші сатыларға жайғасты. Алтын жүлде франциялық Эрик Перроға бұйырды. Үздік үштікті тағы бір франциялық және италиялық спортшылар түйіндеді. Айта кетейік, Италиядағы олимпиада ойындарына 4 бірдей биатлоншымыз қатысады. Оның екеуі жоғарыда айтқан Владислав Киреев пен Әсет Дүйсенов. Бұған қоса ел намысын қорғайтын спортшылар тізіміне әйелдер арасында Милана Генева мен Айша Рақышева ілікті. Ал биатлон бойынша бізге берілген лицензиялар саны – 17.
Каратэден әлемдік аламан басталады
13 спортшымыз әлемдік аламанға қатысады. Бүгін Түркияның Стамбұл қаласында каратэден биылғы жылдың алғашқы ірі жарысы Премьер-лига бәсекесі басталады. Оған дүниежүзілік рейтингте алдыңғы 32 сатыда тұрған спортшылар ғана қатыса алады. Яғни үздіктердің үздігі ғана бақ сынайды. Міне, осындай мүмкіндікке біздің елден 13 бірдей каратэші ие болды. Оның ішінде Софья Берульцева, Әсел Қанай, Жоламан Биғабыл, Нұрқанат Әжіқанов, Еркінбек Байтореев сияқты тәжірибелі қыз-жігіттер бар. Негізгі үміт те осы спортшыларда. Бұған қоса 4 каратэшіміз бірінші рет аталмыш жарысқа жолдама алып отыр. Ол - Диас Ұлбек, Әлихан Қадырғали, Дайяна Даренская және Айшабибі Шарахан. Айта кетейік, Стамбұл қаласындағы жарысқа 65 елден бас-аяғы 400-ге жуық спортшы қатысады. Байрақты бәсекенің өзі 3 күнге созылады. Яғни 25 қаңтар күні жалпы қорытынысы белгілі болады. Жерлестерімізге сәттілік тілейміз!
ҚХЛ: «Барыс» есе жіберді
«Барыс» қолда тұрған ұпайдан айырылып қалды. Құрлықтық хоккей лигасы аясында астаналық «Барыс» және мәскеулік «ЦСКА» кездесті. Матч сырт алаңда, яғни Ресей астанасында өтті және ойын тағдырын соңғы минуттағы жалғыз гол шешіп кетті. Яғни қос тарап 59 минут бойы бір-бірінің осал тұсын таба алмай, таблода 0:0 есебі тұрған. Соңғы сәтте ғана алаң иелері сапындағы Никита Охотюк мергендігімен көзгет үсіп, өз командасына жеңіс сыйлады. Осылайша, қазақстандық клуб 50 ойында 39 ұпай жинап, Шығыс Конференциясының 10-шы сатысындағы орнында қалды. Михаил Кравец баптайтын жігіттер келесі кездесуін ертең тағы да сырт алаңда өткізеді. Яғни Нижнекамск қаласына барып, «Нефтехимик» командасымен жолығады.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #спорт #ОлимпиадаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz