RU
Толық нұсқаға өту

Төрт күннен кейін қысқы ойындар басталады

02.02.2026, 08:11 644

Санаулы күндерден кейін Италияда 25-қысқы Олимпиада ойындарының жалауы желбірейді. Байрақты додада ел намысын 10 спорт түрінен 36 отандасымыз қорғайды. 

Олар бас аяғы 100-ге жуық лицензия иеленді. Енді Миланда қанша медаль алуымыз мүмкін? Бұған ардагер спортшылар не дейді? 

Қазақстандық спортшылар 1994 жылдан бері 8 бірдей қысқы олимпиада ойындарына қатысып, бас аяғы 8 медаль жеңіп алды. Оның біреуі алтын, 3-уі күміс қалғаны қола. Сол 8 жүлденің 4-уі Лиллехаммер олимпиадасының чемпионы Владимир Смирновқа тиесілі. Ол алдағы қысқы ойындарға қатысты өз болжамын айтты. 

Владимир Смирнов, Лиллехаммер олимпиадасының чемпионы:

- Олимпиадаға барудың өзі – үлкен жетістік. Біздің спортшыларымыз тау шаңғысы, биатлон, фристайл-могул мәнерлеп сырғанау сынды спорт түрлерініен лицензия алды. Мұның өзі жаман емес. Елде фристайл-могул, шорт-трек жақсы дамыған. Осы спорттардан медаль алып қалуымыз мүмкін. Қысқы спорттан Норвегия мен АҚШ көш бастап тұр. Биылғы текетірес осы екі ел арасында болмақ. 

Сондай-ақ 2010 жылы Ванкувер олимпиадасының күміс жүлдегері атанған Елена Хрусталева да отандастарымызға қолдау білдірді. Ол ешкім күтпеген жерден сенсация жасап, ел қоржынына медаль салған еді. 

Елена Хрусталева, Ванкувер олимпиадасының күміс жүлдегері:

- Ол кезде әлемдік спортта менің медаль алатыныма ешкім бәс тікпес еді. Тіпті бапкерлер мен журналистердің өзі сенген жоқ. Тек жақындарым, достарым ғана қолдау білдірді. Шыны керек биатлон болсын, басқа да спорт түрі болсын кез келген нәрсе аяқ астынан болады. Сондықтан әр спортшының жүлдеге таласатын мүмкіндігі бар. Жерлестермізге тек сәттілік тілеймін. 

Олимпиада ойындарының ашылуында көк туымызды шорт-трекші Денис Никиша мен фристайл могул шебері Аяулым Әміренова ұстап, спортшыларды бастап шығады. Екеуі де тәжірибелі. Денис 4-ші, Аяулым 3-ші олимпиадасына қатысқалы отыр. 

Аяулым Әміренова, фристайл-могулдан Ұлттық құрама мүшесі:

- Бірінші рет барған кезде өзімді бала болдым деп есептеймін. Қатты дайын болмадым. Екінші рет барған кезде ковид болды, бәрі басқаша сезілді. Олимпиаданың әсері сезілмеді. Ал қазір шын дайынмын. Барымды көрсетіп, ерекше рахат сезімін алғым келеді деген оймен барамын.

Ақ олимпиада 6 ақпан басталып, 22-не дейін жалғасады. Ресми ашылуы Милан төріндегі Сан Сиро стадионында өтеді. 

Авторы: Мерей Қанапия

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz