RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстан спортшылары 1994 жылдан бері қысқы Олимпиададан сегіз медаль алған

03.02.2026, 10:15 685

Қазақстандық спортшылар 1994 жылдан бері 8 бірдей қысқы Олимпиада ойындарына қатысып, 8 медаль еншілеген.

Оның біреуі алтын, 3-уі күміс, қалғаны қола. Отандастарымыздың есте қалған жарқын жетістіктері Мерей Қанапияның материалында.  

1994 жыл, ақпан айы, Лиллехаммер. Қазақ спортшыларының тарихта алғаш рет олимпиадада өнер көрсетуі қысқы ойындармен тұспа тұс келді. Онда жалғыз алтынды ұлттық құрама сапынан 50 шақырымдық бәсекеде Владимир Смирнов еншілеп, айды аспанға шығарды. Тіпті сол олимпиадада 10 және 15 шақырымдық жарыстарда күміс еншіледі. 

Владимир Смирнов, Лиллехаммер Олимпиадасының чемпионы:

- Жарыс жолында бәсекелес өте көп болды. Сол маусымдағы басты қарсыластарым әрине норвегиялықтар еді. Олардың көш басында Бьёрн Дели тұрды. Одан бөлек Финляндия мен Италиядан да мықты спортшылар қатысты. Менің негізгі мақсатым мүмкіндігінше шаңғышыларды артта қалдырып, шешуші сәтте өз артықшылығымды көрсету еді.    

Қазақстан құрамасы қатысқан келесі Олимпиада да тағы бір отандасымыздың жұлдызы жарқырап, бағы жанды. Павлодарлық Людмила Прокашева Жапонияның Нагано қаласында өткен ойындарда конькимен сырғанаудан қола жүлдегер атанды. Прокашеваның бұл жеңісі сенсация бағаланған еді.  

2010 жылы Ванкувер олимпиадасында Елена Хрусталева биатлоннан күміске қол жеткізді. Бұл жүлде қатарынан екі олимпиадада медальсыз қалған құрамаға үлкен қуаныш сыйлады.

Елена Хрусталева, Ванкувер Олимпиадасының күміс жүлдегері:

- Жарысқа санаулы күндер қалғанда қаруым сынып қалды. Бізде оның бөлшектерін сатып алатын мүмкіндік те болмады. Сол үшін жерге қоймай, оқыс қимыл жасамай алып жүруге тура келді. Себебі жарыс алдында бұрандалар босап кетсе, нысанаға дәл тигізу мүмкін болмас еді. Одан бөлек Ванкувердегі кереуеттер өте ыңғайсыз болды. Жаттығудан кейін тыныға алмадық. Бұл қиындықтардың барлығы жеңіс тұғырына көтерілгенде ұмыт болды.     

Артынша 2014 жылы Денис Тен Сочи Олимпиадасында мәнерлеп сырғанаудан қолаға қол созса, 2018 жылы Юлия Галышева Пхенчханда үздік үштіктен көрінді. Ол әлі де болса Қазақстанның намысын қорғап жүр. Санаулы күндерден кейін Милан төріндегі XXV қысқы Олимпиада ойындарында бақ сынайды. Онда 10 спорт түрінен 36 отандасымыз сынға түседі.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz