Алматы қаласы қысқы Азия Ойындарын қабылдайды.
Бұл жөнінде Азия олимпиадалық кеңесі мәлімдеді деп хабарлайды Sports.kz порталы. Тараптар ресми келісімге алдағы бейсенбі күні, яғни, 5-ақпан күні қол қояды. Басқосу Италияның Милан қаласында болады. Оның негізінде Алматы қаласына 2029 жылғы қысқы құрлықтық ойындарды қабылдау құрметіне ие болады. Бұл жарысты о баста Сауд Арабиясы ұйымдастыруы керек еді. Бірақ, жыл басында олар байрақты бәсекені өткізу кейінге шегерілетінін мәлімдеді. Айта кетейік, соңғы қысқы Азия ойындары 2024 жылы Қытайдың Харбин қаласында өтті. Оның қорытындысы бойынша ұлттық құрама өкілдері 4 алтын, 9 күміс және 7 қола жеңіп алып, жалпы командалық есепте төртінші сатыға жайғасты.
Жылдың алғашқы жарысына дайындық
Он екі боксшымыз жұдырықтасады. Бүгін Испанияның Ла-Нусия қаласында былғары қолғап шеберлері арасындағы жылдың алғашқы жарысы басталады. Бұл Англия, Франция, Голландия, Польша, Украина, Канада, Үндістан, Тайланд сияқты елдердің үздіктері жиналған халықаралық турнир. Қатысушылар арасында қазақстандық қыз-жігіттер де бар. Бас-аяғы 32 спортшымыз байрақты бәсекеге аттанды. Оның 12-сі бүгін шарша алаңға шығады. Әсіресе, ерлер арасында Төрехан Сабырхан, Санатәлі Төлтаев, Нұрбек Мұрсал, Аман Қонысбеков, Дәулет Молдашев, Ерасыл Жақпеков және Азамат Бектас бақ сынайды. Ал, әйелдер арасында Сымбат Әлиасқар, Аяжан Ермек, Назерке Серік, Шахназ Исаева және Әсем Таңатар алғашқы қарысаластырмен жолығады. Айта кету керек, қазақстандық бапкерлер әр салмақта 2-3 боксшыдан апарды. Осы арқылы өзіндік іріктеу өткізу жоспарланып отыр. Яғни халықаралық жарыста ерекше көзге түскен қыз-жігіттер алдағы Азия чемпионаты мен Азия ойыднарына қатысуға мүмкіндік алады. Ла-Нусия қаласындағы турнир 8 ақпанға дейін жалғасады.
Заңғар Нұрланұлы әлемдік рейтингте көтерілді
Заңғар алдыңғы ондыққа кірді. Халықаралық теннис федерациясы жасөспірімдер арасындағы әлемдік рейтингті жаңартты. Оған сәйкес, қазақстандық Заңғар Нұрланұлы 12-орныннан 9-орынға көтерілді. Осылайша, қазақ баласы әлемдегі үздік 10 теннисшінің қатарына қосылып отыр. Айта кетейік, ол жуырда ғана Аустралия ашық чемпионатының жартылай финалына дейін жетті. Заңғар былтыр АҚШ ашық чемпионатында да осындай көрсеткіш тіркеген еді. Бұл отандық теннис үшін тарихи жетістік саналады. Өйткені, жасөспірімдер арасында екі рет «Үлкен дулыға» турнирінің жартылай финалына Қазақстаннан басқа ешкім шыққан емес. Жалпы алғанда дәл қазір үш бірдей теннисшіміз әлемдік рейтингтің алдыңғы ондығына кіріп тұр. Заңғардан бөлек әйелдер арасында Елена Рыбакина үшінші, Александр Бублик 10-сатыда.
Тегтер #Алматы #Азия ойындары #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz