RU
Толық нұсқаға өту

Еліміз қысқы Азия ойындарын қабылдайды

06.02.2026, 07:49 241

Қазақстан 2029 жылғы X қысқы Азия ойындарын қабылдайды.

Туризм және спорт министрлігінің хабарлауынша, еліміз 18 жылдық үзілістен кейін осы іс шараны өткізу құқығына ие болды. Бұған дейін Қазақстанда 2011 жылғы қысқы Азия ойындары өткен. Ол халықаралық қауымдастық тарапынан жоғары бағаланған еді. Сол кезде Астана мен Алматы қалаларында бірқатар заманауи спорт кешені бой көтерді. Бүгінде бұл нысандар спортшыларға қызмет етіп келеді. Алдағы қысқы Азия ойындарын қолданыстағы инфрақұрылым базасында өткізу жоспарланып отыр. Министрліктің мәліметінше, оған қосымша ірі спорт ғимараттарын салудың қажеті жоқ. Қазір елде қысқы 13 спорт түрі қарқынды дамып келеді.

Көкпардан ұлттық құрама жасақталды

Ұлан Байтөреев пен Есжан Құрманбай ұлттық құрама тізіміне енді. Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы көкпардан жаңа құрама жасақтады. Тізімде 36 спортшының есімі көрсетілген. Тақымға серке басқан жігіттер былтырғы ішкі біріншілікке қатысқан шабандоздар арасында іріктеліп алынды. Олардың қатарында Асыл Елдос, Асылжан Мамыт, Ернат Мәлімбай, Қуаныш Кәден, Ерғалым  Жақсылық сынды ел үздіктері бар. Ал чемпионатқа қатыспаған Абылайхан Нышанбек пен Құрманбек Тұрғанбек құрамадан шығарылды. Енді олар қайта ену үшін биылғы біріншілікте төбе көрсету керек.

Елде 2,7 млн әйел спортпен шұғылданады

Елде 2,7 миллион әйел спортпен шұғылданады. Бұл елдегі әйелдердің 26,4 пайызы. Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов «БҰҰ-Әйелдер» кеңсесі басшысымен кездесу барысында осындай мәліметтер келтірді. Кездесу барысында тараптар туризм және спорт салаларындағы ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ гендерлік теңдікті ілгерілету, әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту мәселелерін талқылады. Еліміз әлемдік аренада жоғары жетістікке жеткен әйел чемпиондарымен мақтанады. Олардың қатарында 1994 жылы Қазақстан атынан тұңғыш рет Олимпиадада конькимен жүгіруден өнер көрсеткен Кенжеш Сәрсекенова, қысқы Олимпиадада ел қоржынына алғашқы жүлдені салған Людмила Прокашева, дзюдодан әлем чемпионатының тұңғыш жүлдегері Әбиба Әбужақынова, Олимпиада чемпионы Ольга Шишигина, Олимпиадада үш мәрте жүлде алған жеңіл атлет Ольга Рыпакова, сондай-ақ бокстан үш дүркін  әлем чемпионы Назым Қызайбай бар.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz