Жезқазғанда байдарка мен каноэда ескек есушілердің олимпиадалық резервтегі мектебі үшін жаңа ғимарат салынды. Себебі осыған дейін қолданыста болған нысан әбден ескірген.
Соның салдарынан спортшылар көптен бері тиісті жаттығу жасай алмай жүрген еді. Жаңа базада үлкен жаттығу залы, жуыну бөлмесі, теориялық сабақтар өтетін арнайы кабинеттер қарастырылған. Жаңа ғимарат жақын күндері қолданысқа беріледі.
Спорт мектебінің қазіргі базасы 40 жыл бұрын қолданысқа берілген. Арагідік жөндеу жасалғанымен, заман талабына сай емес. Жылу мен су жүйесі тартылмаған. Сондықтан оқушылар мұнда тек жазда ғана жаттығатын. Ал мына жаңа ғимаратта спортшылар үшін қажеттінің бәрі бар. Үлкен жаттығу залы, жуыну бөлмесі, теориялық сабақтар өтетін арнайы кабинеттер қарастырылған.
Константин Уткин, Байдарка мен каноэда есу спорт мектебінің директоры:
- Ескі ғимаратта жүргенде қысқы мезгілде жаттығу қиын болатын. Спортшылардың физикалық дайындығын қалыпты ұстау үшін күннің суығында далада жаттықтыратынбыз. Енді ондай бейнеттен құтыламыз. Жаңа ғимарат көңілімізден шықты.
Спорт мектебінде 200-ден астам бала жаттығады. Оның 20-сы ұлттық құрама мүшесі. «Спортшылардың жетістіктері жоғары», - дейді бапкерлер. Мәселен, соңғы өткен Азия чемпионатында жезқазғандық ескекшілер 8 медаль жеңіп қайтты. Ересектердің жеңісті жолын балғын спортшылар да абыройлы жалғап келеді. Солардың бірі –Алина Қуанышева. Жастығына қарамай ел біріншілігіне қатысып үлгерген ол «Жаңа ғимаратта бұдан да үздік нәтиже көрсетеміз», - дейді.
Алина Қуанышева, Байдарка мен каноэда есу спорт мектебінің оқушысы:
- Біз үшін бұл үлкен қуаныш . Ескі ғимаратта мұндай мүмкіндік жоқ еді. Әр жерде жаттығатынбыз. Енді, мына ғимаратта барлығы қарастырылған. Әрине, болашақта жақсы көрсеткіштерге жетеміз деген ойдамын.
Қос қабатты ғимараттың құрылысына 1 млрд теңге жұмсалды. Жақын күндері қолданысқа беріледі. Жауапты мамандар жаңа нысан күнделікті жаттығудан бөлек, түрлі деңгейдегі сайыстар ұйымдастыруға да қолайлы дейді. Оның алғашқысы тамыз айында өтетін байдарка мен каноэде ескек есуден ҚР чемпионаты.
Марат Айдашев, облыстық Спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы:
- Облыс құрылғалы өңірде 9 ірі спорт нысаны бой көтерді. Нәтижесінде спорттық инфрақұрылым 25 пайызға жаңарды. Ал, бұқаралық спортпен қамту көрсеткіші 40 процентке жуықтады. Жаңадан салынған ескекшілер мектебі аймақта су спортының одан әрі дамуына жағдай жасайды деп сенемін.
Жезқазған байдарка мен каноэда ескек есу мектебінде көптеген үздік спортшылар өсіп шыққан. Ұлттық құраманың бас бапкері, 4 мәрте Олимпиада ойындарының қатысушысы Қайсар Нұрмағамбетов осы мектептің түлегі.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев
Тегтер #хабар24 #Жезқазған #байдарка #каноэда #спортPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz