Миландағы Қысқы Олимпиада шарықтау кезеңіне жақындады. Мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров ұзақ жыл күткен жүлдені еншілеп, тұтас елге қуаныш сыйлады.
Ол жалпы есепте 291,58 ұпай жинап, жеке рекордын жаңартты. Бүгін Олимпиада чемпионы біздің арнаға эксклюзивті сұхбат беріп, Миландағы өз әсерін баяндады. XXV қысқы Олимпиада ойындарының жетінші күні Қазақстан үшін тарихи сәтке айналды. Мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Олимпиада алтынын тақты. 21 жастағы алматылық спортшы техникалық тұрғыдан ең күрделі элементтердің барлығын қосып, әділ түрде жеңіс тұғырына көтерілді. Осыған байланысты чемпион арнамызға эксклюзивті сұхбат берді.
Михаил Шайдоров, Олимпиада чемпионы:
- Бұған дейін бірнеше рет шықпаған соң, осы жолы міндетті түрде орындалады деп ойладым. Шынымды айтсам, бұл бағдарламаны Олимпиадаға бір апта қалғанда жаттықтырдым. Өзіме толық сенімді болдым. Тәуекелдің ақталатынын нақты білмедім, бірақ бәрі сәтті болатынына кәміл сендім.
Ол еркін бағдарламада Димаш Құдайбергеннің композициясымен мұз айдынына шығып, өнерін нағыз спорттық шоуға айналдырды.
Михаил Шайдоров, Олимпиада чемпионы:
- Шынымды айтсам, менен кейін өнер көрсеткен барлық спортшылар үшін қатты уайымдадым. Өйткені олардың қандай жолдан өткенін, қаншалықты қиын болғанын білемін. Жалпы барлық мәнерлеп сырғанаушылар – бір үлкен отбасы секілдіміз, бір-бірімізді қолдауға тырысамыз.
Олимпиада чемпионы өзін жеңіске жетелеген, өзін шабыттандырған жан туралы да айтып берді. Оның басты ізашары – аңызға айналған қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен. Оның жетістіктері мен ерік-жігері Шайдоров үшін табандылықтың қайнар көзіне айналған.
Михаил Шайдоров, Олимпиада чемпионы:
- Денистің шеберлік сабағына қай жылы қатысқанымды нақты есіме түсіре алмаймын, бірақ ол жерде көптеген жас спортшылар болды. Кейін олардың көбі Қазақстан чемпиондары атанды. Бұл менің өміріме қатты әсер етті. Жарыста өзің жанкүйер болған спортшыларды, өз еліңнен шығып, елге медаль әкелген адамды жақыннан көру ерекше сезім. Мен үшін бұл ұмытылмас әсер болды.
Михаил Шайдоровтың жеңісі – көпжылдық еңбектің жемісі. Табандылық пен мақсатқа деген сенімнің нәтижесі. Сауда орталығындағы мұз айдынында жаттығуын бастаған алматылық қарапайым жігіт Олимпиада чемпионы атанып отыр.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Аслан Қаженов
Тегтер #Қысқы Олимпиада ойындары 2026 #Михаил Шайдоров #Олимпиада
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz