Ақ Олимпиаданың жабылу салтанатында еліміздің көк туын Михаил Шайдоров ұстап шықты.
Қазақстан құрамасы 1 алтынмен жалпы командалық кестеде 19-шы орынға жайғасты. Мұндай үздік көрсеткіш 1994 жылы Лиллехамемер олимпиадасында тіркелген. Ол кезде спортшыларымыз 1 алтын, 2 күміспен 12-орынға табан тіреген еді.
Шаңғышылар масс-стартта бақ сынады
Қазақстанның қысқы Олимпиада ойындары аясындағы соңғы жарыс күнін шаңғышылар түйіндеді. Ұлттық құрама атынан әйелдерден Надежда Степашкина мен Анна Мельник шығып, 50 шақырымдық масс-стартта бақ сынады. Яғни классикалық әдіспен шаңғы тебуден сынға түсті. Бұл сайыста Надежда Степашкина мәре сызығын 2 сағат 40 минутта кесіп өтіп, 31-ші орынға тұрақтады. Ал Анна Мельник 39,4 шақырымнан кейін жарыстан шығып қалды.
Елизавета Голубева финалда өнер көрсетті
Конькимен жүгіруден Елизавета Голубева олимпиада ойындарының финалына дейін жетті. Ол масс-старт сайысындағы жолын жартылай финалдан бастап, екінші топта өнер көрсетті. Сәйкесінше ақтық сынға жолдама алған 8 спортшының арасынан табылып, 7-ші орын алды. Ал финалдық сайыста жерлесіміз 16-шы болып мәре сызығын кесті. Бұл сында Нидерланд өкілі топ жарса, канадалық екінші болып келді. Ал үздік үштікті Америка спортшысы түйіндеді
Александр Панфилов, конькимен жүгіруден ұлттық құраманың бас бапкері:
- Олимпиада ойындары команда үшін табысты өтті деуге болады. Надежда Морозованың алтыншы орны – қазақстандық конькимен жүгіру спорты үшін соңғы 28 жылдағы ең жоғары нәтиже. Сондай-ақ Евгений Кошкин 500 метрде тоғызыншы, Елизавета Голубева 1500 метрде жетінші, 3000 метрде оныншы орын алды. Команда айтарлықтай дамыды. Дайындыққа атсалысып, қажетті жағдай жасаған барлық маманға алғыс айтамыз. Біздің спорт көпжылдық кезеңнен тұрады. Сондықтан кей бағытта дайындық жетпей қалды деп ойлаймын.
Қазақстан қысқы олимпиада ойындарында 1 алтынмен жалпы командалық есепте 19-шы орын алды. Төрт жылдықтың басты додасында норвегиялық спортшылар топ жарды. Олардың қоржынында 18 алтын бар. Ал АҚШ 12 алтынмен 2-ші орынға жайғасса, Нидерланд үздік үштіктен көрінді.
Алматыда еурокубок матчы өтеді
Алматыда жаңартылған форматта футзалдан Чемпиондар лигасының ширек финалдық матчы өтеді. Еурокубоктың жаңа жүйесі аясындаға ойын бүгін «Балуан Шолақ» спорт сарайында ұйымдастырылады. Алматылық «Қайрат» футзал командасы мен Испания чемпионы «Картахена» командалары кездеседі. Матч қарсаңында қос ұжым ресми жаттығуларын өткізіп, бас бапкерлері мен капитандары қатысқан баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды. Тараптар алдағы ойынның аса тартысты болатынын айтып, жанкүйерлерге жоғары деңгейде ойын өткіземіз деп уәде етті. Бұл – екі матчтан тұратын текетірестің алғашқы ойыны. Қарымта кездесу 6 наурыз күні Испанияда өтеді. Ширек финал тағдыры қос ойынның қорытындысы бойынша шешіледі.
Даниэл Жуниор, «Қайрат» АФК бас бапкері:
- Картахена командасына қош келдіңіздер дейміз. Олар бұл жерге жету үшін өте ұзақ жол жүріп келді. Сондай-ақ Мигель Мелладоны Испания құрамасымен Еуропа чемпионатында жеңіске жетуімен құттықтағым келеді. Ал алдағы ойынға келсек, өте тартысты әрі қызықты матч болады деп ойлаймын.
Тегтер #Ақ Олимпиада #Михаил Шайдоров #спортшылар #Таңдаулы
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz