RU
Толық нұсқаға өту

Паралимпиада: ел намысын 7 спортшы қорғайды

04.03.2026, 15:50 42

Биылғы Паралимпиада ойындарында ел намысын 7 спортшы қорғайды. Олар пара шаңғы жарысы мен биатлон бойынша бақ сынайды.

Жерлестеріміз осыған дейінгі екі олимпиада қос бірдей жүлдені қанжығаға байлады. Ал биылғы мүмкіндігіміз қандай?

Биыл Қазақстан құрамасы пара шаңғы жарысы мен пара биатлон бойынша бақ сынайды. Ел намысын халықаралық аренада жеті спортшы қорғайды. Құрамадағы ең жас спортшы – 17 жастағы Владислав Кобаль. Ал ең тәжірибелі әрі жасы үлкен қатысушы – 51 жастағы Сергей Усольцев, ол пара шаңғы және пара биатлоннан өнер көрсетеді. Тәжірибелі спортшылардың бірі Александр Герлиц 2022 жылғы Бейжің Паралимпиадасында пара биатлоннан қола жүлде иеленген. Сондай-ақ ол 2018 жылғы Пхёнчхан ойындарында пара шаңғы жарысынан үздік төрттікке енген.

Дияр Сейітов,  ҚР Ұлттық Паралимпида комитетінің бас хатшысы:

- Паралимпиадалық қозғалыс елімізде қарқынды дамып келеді. Оған жазғы паралимпиада ойындарында жеңіп алған медальдар саны айқын дәлел. Осындай оң үрдіс қысқы ойындарда да жалғасып, қуаныш сыйлайды деген сенімдеміз. Жалпы қоржынымызда Пхенчхандағы 1 алтын жүлде бар. Сондай-ақ 1996 жылы еншілеген күмісіміз бен Александр Герлицтің қоласы бар. Әр спортшыға үміт артамыз.

Құрама көшбасшыларының бірі Ербол Хамитов – әлем чемпионаттарының жүлдегері және Әлем кубогі кезеңдерінің бірнеше дүркін жеңімпазы. 2022-2023 жылғы маусымда ол пара шаңғыдан әлем чемпионы атанып, Қазақстан тарихында мұндай жетістікке жеткен алғашқы пара спортшы болды. Ал 2024-2025 жылғы маусым қорытындысы бойынша пара биатлоннан Әлем кубогінің жалпы есебінде топ жарып, 31 жылдан кейін елге Хрусталь глобусты қайтарды.

Ербол Хамитов, Ұлттық құрама мүшесі:

- Паралимпиаданың ашылу салтанаты Верона қаласында өтеді. Ежелгі стадион қазір қайта жанданып жатыр. Мұндағы пандустар 2000 жыл бұрын римдіктер қолданған тастан салынуда.

Жандос Айтбайұлы, спорт сарапшысы:

- Алдағы ойындарға әлемнің 600-ден астам спортшысы қатысып, 79 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Биылғы дода қысқы Паралимпиада қозғалысының 50 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Айта кетейік, алғашқы қысқы Паралимпиада 1976 жылы Швецияның Эрншёльдсвик қаласында өткен.

Авторлары: Әлішер Әли, Бағдат Қайыркен

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz