Елордада бокстан жасөспірімдер арасында халықаралық турнир өтіп жатыр.
Жарысқа 4 елден және Қазақстанның барлық өңірінен 300-ге жуық былғары қолғап шебері келген. Олар 5 күн бойы өзара мықтыларды анықтайды.
Астанада бокстан жасөспірімдер арасында халықаралық турнирдің жалауы желбіреді. Жарыс 2010-2011 жылғылар арасында өтіп жатыр. Оған Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және еліміздің 20 өңірінен жас былғары қолғап шеберлері келген.
Дияс Исатай, жарысқа қатысушы:
- БҚО-дан 12 бала келдік. Бүгін бірінші жекпе-жегімді өткізіп, жеңіп шықтым. Алдағы уақытта да осы қарқынмен жеңемін деп ойлаймын. Бізден бүгін 5 бала шығады. Бесеуі де осы қарқынды жалғастырып, ұтады деген ойдамын. Басты қарсыласым - қырғыз. Ертең сонымен шығамын.
Манарбек Ихсановты еске алуға арналған турнир 2023 жылы Оралда бастау алды. Алғашында облыстық деңгейде өтсе, 2024 жылы республикалық, 2025 те халықаралық деңгейге көтерілді. Жарыс биыл да Батыс Қазақстан облысында өтуі керек болған. Алайда белгілі себептермен Астанада ұйымдастырып жатыр.
Қаймен Есендияров, ұйымдастырушы:
- Орал батыста болғаннан кейін жарысқа шығыстағы облыстарымыз келе алмай қалды. Барлық облыстарға қатысуға жеңіл болсын деп Астанада өткізіп жатырмыз. Бұл турнир алдағы уақытта да жыл сайын өтеді деп ойлаймыз.
Айта кетейік, халықаралық турнир 5 күнге созылады. Жарыс жеңімпаздарына 200 мың теңге берілсе, күміс жүлдегерлерге 100 мың, үшінші орын алғандарға 50 мыңге теңге қаржылай сыйақы қарастырылған.
Авторлары: Мерей Қанапия, Досбол Байділдин
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #бокс #спорт #АстанаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz