Шымкент қаласында спорттық ату түрлері бойынша халықаралық турнир мәресіне жетті. Жалпы есепте бірінші орындамыз.
«Алтын мерген» деп аталатын байрақты бәсекеге алты елдің өкілдері, яғни Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Қазақстанның сұрмергендері қатысты. Бас-аяғы 200-ге жуық спортшы бір апта бойы өзара мықтыны анықтады. Жарыс жабық кешенде тапаншамен және винтовкамен нысана көздеу бойынша өтті. Нәтижесінде, қазақстандық қыз-жігіттер 12 алтын, 10 күміс, 10 қола жеңіп алды. Әсіресе апалы-сіңілі Зухра және Фатима Ирназаровалар, Елизабета Безрукова, София Шульженко, Асадбек Назырқұлов, Никита Шахторин және Ринат Казаченко ең үздік нәтиже тіркеп, жеңімпаз атанды. Соның арқасында жалпы командалық есепте бірінші орынға жайғастық. Екінші орында Беларусь елінен келген мергендер болса, Ресей спортшылары үздік үштікті түйіндеді. Осындай форматтағы бәсекелер спортшыларымыздың шеберлігін шыңдап, тәжірибе жинауына жақсы мүмкіндік, - дейді мамандар.
Боксшыларымыз лицензиялық турнирге аттанды
19 боксшымыз Таиландқа аттанды. Таиланд астанасы Бангкок қаласында жасөспірімдер арасындағы халықаралық турнир өтеді. Оның маңыздылығы сол жерде үздік боксшыларға жастар арасындағы олимпиада жолдамалары берілмек. Яғни лицензиялық турнир десе де болады. Бұл жарыста ел намысын Бақыт Сәрсекбаев жаттықтыратын жігіттер қорғайды. Оның ішінде Арман Мырсабит, Досжан Жұмақан, Даниял Шалқарбай, Тимур Тайбеков, Едіге Нұрғожа, Бибарыс Әшірбай сияқты талантты жастар бар. Олимпиада чемпионы жастар құрамасының тізгінін алғанына көп болмаса да, бірнеше кешенде жаттығу жиынын өткізіп, тыңғылықты дайыналып үлгерді. Ал қыздар арасында білікті бапкер Жангелді Ахметовтың шәкірттері бақ сынайды. Әсіресе Камила Оспанова, Айым Таңқыбаева, Зарина Толыбай, Айдана Убайдуллақызы сияқты бұрымды боксшыларға үміт зор. Жоғарыда айттым, бас-аяғы 19 спортшымыз бақ сынайды. Жарыстың өзі 8-15 наурыз аралығында болады.
Д. Қызайбаев: футбол академиясын саламыз
Шымкентте футбол академиясы салынады. Бұл жөнінде «Ордабасы» клубының президенті Дархан Қызайбаев мәлімдеді. Айта кетейік, жергілікті клуб жуырда ғана жекеменшікке өткен болатын. Тізгінді алған жаңа менеджерлер команданың алдағы маусымдағы көрсеткішін жақсартудан бөлек, футбол академиясын салып, арнайы база қалыптастыруды жоспарлап отыр. Осы арқылы балалар футболының дамуына да тың серпін әкелгісі келеді. Әлемдік футболдағы жаңа технологияларды да елімізге енгізуді көздейді. Жалпы жаңа басшылықтың өз бағдарламасы бар және ол ұзақ мерзімге есептелген. Ал кәсіпқой футбол клубының өзіне келер болсақ, қазір команда жасақталып жатыр және биыл чемпиондыққа талау туралы мақсат қоймақ.
Ауылдарда шаңғы жарысынан
Ауыл үздіктері анықталды. Белгілі шаңғышы Думан Бейсенов ауыл балаларына арнап ерекше форматтағы жарыс өткізді. Яғни әлем кубогы моделін өзіміздің ауылдарға енгізіп көрді. Пилоттық жобаны Қарағанды облысында қарасты Қарқаралы ауданында ұйымдастырды. Оған қарасты бес ауылда бес кезең өтті. Яғни әр апта сайын әр ауылда шаңғы жарысын жасады. Жалпы есепте ең көп ұпай жинаған өрендер жеңімпаз атанды.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #бокс #спорт #турнирPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz