RU
Толық нұсқаға өту

Ел абыройын асқақтатқан ару

07.03.2026, 15:15 307

Раушан Қойшыбаева мереке күндері де жаттығудан қол үзбейді. Құттықтауларды спорт залда қабылдау ол үшін үйреншікті жағдайға айналған. Себебі үнемі бабында жүреді. 

60 алқымдаған спортшы қазір Жапония мен Тайландта өтетін қос бірдей құрлықтық додаға дайындық үстінде.   

Раушан Қойшыбаева, Рио Паралимпиадасының күміс жүлдегері:

- Жүлделі орынға таласым бар. Таласқым да келеді. Мақсатым – чемпион болу. Енді еңбекті жеген де дұрыс, соған жеткізсе, тер төгіп жатырмын. Жаттығуды өткізбеймін. Уақытымен келемін, ең соңғы болып шығамын. 

Спорттық жолын 2010 жылы бастаған ол алғашқыда облыстық жарыста топ жарып, республиканы мойындатқан. Кейін халықаралық жарыстарда жеңіс тұғырынан көрініп, Азияның 4 дүркін және Рио паралимпиадасының жүлдегері атанды. 

Раушан Қойшыбаева, Рио Паралимпиадасының күміс жүлдегері:

- Үшінші подходымды түп түзу алдым да кеудеме қойып, түп түзу қолыма көтердім. «Гуд лифт» деді. Сонымен жүлделі орынға ие болып үшеуіміздің көзімізде қуаныш, әлі жеткізе алмаймын. Үшеуіміздің көзімізден жас парлап жатыр. Үлкен жетістік қой. Бүкіл жер шарының қаншама спортшыларының арасынан жарысып алу деген сондай бақытқа ие болғаныма қуанамын. 

Әлемді мойындату даңқты спортшыға оңайлықпен келген жоқ. Ең алдымен, оған тағдыр сынағын жеңуге тура келді. 1990 жылы темір жол бойында болған жазатайым жағдайдан соң екі аяғынан айрылған ол басына түскен ауыртпалыққа жасымай, уайымның тұңғиығынан шығып, тұрмыс тауқыметін еңсере жүріп арман-мақсатына жетті. 

Раушан қойшыбаева, Рио Паралимпиадасының күміс жүлдегері:

- Ең бірінші залға қадам басып кірген кезде кішкентай қызым екі жаста еді. Оныншы жылы кірсем, шаттанғаным емес, - ерлік. Өйткені қыс болсын, жаз болсын, ескі протез, қиқ-шиқ етіп жүреді. Аяғым қанап қалады. Бір жері қисайып қалады. Соның бәрі маған көмек болған шығар. Өйткені соның бәрін жеңу керек болды. 

Раушан Қойшыбаеваны тәжірбиесі мол білікті маман Денис Орлов жаттықтырады. Ұстаз бен шәкірт 16 жылдан бері бірге еңбек етіп, ел абыройын асқақтатып жүр. 

Денис Орлов, пауэрлифтингтен облыстық құраманың аға жаттықтырушысы:

- Адамгершілігі жоғары, өте еңбекқор, мейірімді жан. Жастарға нағыз үлгі болатын адам. Оның генетикасы өте керемет. Әлі  де биік белестерді бағындырамыз деп ойлаймын.

Зілдей темірді көтеретін құрыш білекті спортшы жүрегі жұмсақ, мейірімді жан. Отбасының ұйытқысы әрі үш қыздың анасы. 

Дәния Әбдікәрім, Р. Қойшыбаеваның қызы:

- Мама тек спортшы ғана емес, өмірде де мықты ана. Сол үшін де үлгі тұтамыз. Мейірімді жан. Бізге үлкен мотивация береді. Қанша қиындық кезеңдерден өтсе де келе жатыр жеңіске қарай. 

Раушан Қойшыбаева сынаққа толы өмірін жеңісті жолға айналдыра білген жан. Қайсар рухты спортшы енді Олимп шыңын бағындырып, спорт тарихына өз атын алтын әріппен жазуды армандайды. 

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев, Жеңіс Әбдрешов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz